Алматыда қыркүйек айында Қала күніне орай 300-ге жуық мәдени, спорттық және ойын-сауық іс-шарасы ұйымдастырылады. Негізгі мерекелік бағдарламалар 19-20 қыркүйекте Астана және Абай алаңдарында, Панфилов пен Жібек жолы жаяу жүргіншілер көшелерінде, сондай-ақ "Алатау" дәстүрлі өнер театрының алаңында өтеді.
19-20 қыркүйекте Абай алаңында Otbasy Fest мерекелік бағдарламасы өтеді. Мұнда "Алма аймағы", "Шеберлер қалашығы", балалар аймағы, AI & ROBOT ZONE, крафт ойындар алаңы және фуд-корт жұмыс істейді.
19 қыркүйекте:
- 11:00 – "Алматы қаласының Құрметті азаматы" атағын табыстау;
- 12:00 – "Сазген сазы" ансамблінің концерті;
- 13:30 – Қазақ мемлекеттік циркінің бағдарламасы;
- 15:00 – ASU фольклорлық-этнографиялық ұжымының концерті;
- 16:00 – "Алатау" дәстүрлі өнер театрының бағдарламасы;
- 18:00 – DJ бағдарламасы;
- 18:30 – Ratovich концерті;
- 19:15 – Best of NE PROSTO ORCHESTRA концерті.
- 20 қыркүйекте Абай алаңында D Billions музыкалық бағдарламасы, қуыршақ театрының қойылымы, музыкалық спектакль және басқа да концерттер өтеді. Кешкі бағдарлама 19:50-де басталып, Алматы әуендері солистерінің концертімен жалғасады.
19 қыркүйекте Астана алаңында 11:00-17:00 аралығында мерекелік концерт өтеді. Сахнаға "Отырар сазы", Muzart Life, Дана Максимова, Сейфуллин Жолбарыс, Райым Уайс және басқа өнерпаздар шығады.
Ал 18:00-22:00 аралығында Almaty Vibes музыкалық фестивалі ұйымдастырылады. Оның бағдарламасында Мақпал Жүнісова, Ерке Есмахан, KALIFARNIYA, ALPHA, Сара Амангелді, Айдана Меденова және басқа әншілер бар.
20 қыркүйекте Астана алаңында Almaty Zhuldyzy фестивалі өтеді. Кештің хэдлайнері – DJ IMANBEK. Сондай-ақ сахнада Роза Рымбаева, Дос-Мұқасан, Kesh You, Ялла және басқа орындаушылар өнер көрсетеді.
Панфилов көшесінде балалар, этно, эко, кино, Digital және спорт аймақтары, сондай-ақ Food Court ұйымдастырылады. Мұнда дәстүрлі «Alma Qala Fest» фестивалі де өтеді. Фестиваль кезінде Алматының әйгілі апорты 200 тоннадан астам көлемде сатылымға шығарылады.
Жібек жолы көшесінде 19-20 қыркүйекте концерттер өтеді. Сонымен қатар мұнда Kitap Fest кітап фестивалі ұйымдастырылып, оған 50-ден астам баспа үйі мен кітап дүкені қатысады.
Қала күні Алматының барлық ауданын қамтиды. Мысалы, Жетісу ауданында 19 қыркүйекте ипподромда ат жарысы, көкпар, құнан бәйге, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ және аламан бәйге сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.
Бостандық ауданында Flow Park аумағында ұлттық спорт, жәрмеңке, балалар көрмесі, концерт және DJ-сеттер ұйымдастырылады.
Медеу ауданында экологиялық акция, футбол жарысы, концерт және Терренкур аумағында ашық аспан астындағы кино көрсетілімдері жоспарланған.
Бұдан бөлек, қала музейлерінде көрмелер, театрларда спектакльдер мен премьералар, цирктерде арнайы бағдарламалар, сондай-ақ спорттық, экологиялық және қайырымдылық іс-шаралар өтеді.
Қала күніне арналған іс-шаралардың толық бағдарламасы @almatymadeniet Instagram парақшасында жарияланады.