Алматыда опера әншісі Ермек Серкебаевтың ескерткіші ашылды

Ермек Серкебаев ескерткіші. Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ермек Серкебаев ескерткіші. Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ескерткіш Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ғимаратының алдында орнатылды.

Бүгін Алматы қаласында көрнекті опера әншісі, актер, педагог Ермек Серкебаевқа арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігі. 

Ескерткіш Абылай хан даңғылының бойында, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ғимаратының алдында орнатылған.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ескерткіштің ашылуы елінің ұлы перзентіне деген құрметі  екенін атап өтіп, Ермек Серкебаевтың бай рухани мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталатынына сенім білдірді.

Аида Балаева Ермек Серкебаев ескерткішінің ашылуында сөз сөйледі. Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

"Ермек Серкебаев – сирек кездесетін талант иесі, кәсіби шеберлігі жоғары музыкант. Ол миллиондаған өнерсүйер көрерменнің шынайы махаббатына бөленді. Бүгінгі қазақ операсын Ермек Серкебаевсыз елестету қиын. Оның ғибратты ғұмыры – мәдениетіміздің тарихындағы тұтас бір тарау. Көпшілік білмеуі мүмкін, бірақ ол қоғамдық-саяси өмірде де белсенділік танытып, Тәуелсіздігіміздің қалыптасуы мен нығаюына зор үлес қосты. Сонымен қатар, Ермек Бекмұхамедұлы дарынды музыканттар әулетінің негізін қалады. Балалары мен немерелері оның ісін лайықты жалғастырып, қазақ өнерін әлемнің әр түкпірінде дәріптеуде", – деді министр.

Ведомство басшысы Ермек Серкебаевтың бейнесін қоладан сомдаған мүсіншілер – Айдос Бүркітбаевқа, Тимур Ермұхаметовке, Ақылбек Орманбековке және Қуаныш Асылбайға ерекше алғыс білдірді.

Серіктестер жаңалықтары