Алматының Алатау ауданында полиция қызметкерлері күйзеліске түскен әйел мен оның алты баласына дер кезінде көмек көрсетіп, қайғылы жағдайдың алдын алды. Полицияның мәліметінше, түнгі уақытта әйелдің өзіне және балаларына зиян келтіруі мүмкін екені туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына патрульдік және ювеналды полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен жедел жәрдем бригадасы жедел жеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, әйел күйеуімен болған жанжалдан кейін күйзеліске түсіп, өзіне және үйдегі алты баласына қиянат жасауды ойлаған. Полицейлер алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әйелді сабырға шақырған. Кейін балалар Алатау аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, мамандардың қарауына берілді. Қазір отбасыға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Бұл жұмысқа психологтар, әлеуметтік қызмет мамандары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылған.
Полиция тұрмыстық немесе психологиялық қиындыққа тап болған азаматтарды мәселені жалғыз шешуге тырыспай, уақытылы мамандардың көмегіне жүгінуге шақырды. Мамандардың айтуынша, дер кезінде көрсетілген қолдау қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.