Қазақстанның көгалдандырушылар қауымдастығы Кеңесінің хатшысы, Almaty Garden Show бас дизайнері Бибігүл Датхабаева күзгі уақытта ағаш отырғызу ең қолайлы кезең екенін айтты. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтында жазылды.
Қазіргі климаттық жағдайда көгалдандырушылардың өсімдіктерді отырғызу үшін 2-3 аптасы ғана бар.
"Қыстан кейін ыстық жаз бірден басталады. Өсімдіктер бірден өсіп, гүлдене бастайды. Осы уақытта қайта отырғызу ағаштар үшін үлкен күйзеліс. Егер сіз белгіленген қысқа мерзімде аяқтамасаңыз, онда көп ағаштың өспей қалу қаупі бар. Күзде стресс әлдеқайда аз. Барлық агротехникалық норма мен ереже сақталған жағдайда өсімдік қазір жақсы тамырланып, көктемде көктейді", – деді Бибігүл Датхабаева.
Ландшафт дизайнері көптеген ағаш түрлері күзгі отырғызуға жарамды екенін атап өтті. Көгалдандырушылар Алматының климаттық жағдайына ыңғайлы көшеттерді еккен.
"Қазір көгалдандырушылар қарағаш, емен, үйеңкі, шаған, терек, катальпа, қайың, акация, шырша және жеміс ағаштарын (алма, шие, алмұрт, өрік) отырғызып жатыр. Бұл ағаштар қыста төзімді, күй талғамайды. Олар оңтүстік астананы көгалдандыруда бұрыннан қолданылып келеді. Жаңа көшеттер жасыл қорды толықтырумен қатар, қаланың қалыптасқан көгалдандыру стилін өзгертпей, үйлесімді етеді", – деді Бибігүл Датхабаева.
Оқи отырыңыз: Өрттен зардап шеккен Іле атырауында жиде мен тораңғы отырғызылды.
Сарапшы көгалдандыру жұмыстары қаланың үлкеюіне қарай жүргізілуі керектігін айтты. Алматы қарқынды дамып келеді, бақ қала мәртебесін сақтау үшін жасыл қорды сақтап, үнемі толықтырып отыру маңызды.
Айта кетейік, биыл Алматыда 320 мың ағаш отырғызу жоспарланған, оның 20 мыңы көктемде, 300 мыңы күзде егіледі.