Алматыда бастауыш сынып оқушысына берілетін бір реттік түскі астың құны күніне 800 теңге болады. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Жаңа оқу жылында Алматыда 133 мың оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 500 оқушыға көп.
"Тегін тамақпен барлық 1-4 сынып оқушылары, сондай-ақ әлеуметтік осал отбасылардан шыққан жоғары сынып оқушылары қамтылады. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты енгізілген. Оған сәйкес, ас мәзіріндегі қант, тұз және май мөлшері азайтылып, құрамында табиғи емес өнімдер алынып тасталды. Сонымен қатар жаңа мәзірде көкөністер мен жемістердің үлесі артты", – деді басқарма басшысы.
2025 жылы 7-10 жастағы балаларға арналған бір порция тамақтың құны 785,50 теңге болған.
Сәкен Аралбаевтың айтуынша, 2026 жылы Алматыда оқушыларды тамақтандыруға жалпы 15,7 млрд теңге қарастырылған.
Сонымен қатар "Жалпыға бірдей білім беру" қоры арқылы жетім балалар мен аз қамтылған отбасылардан шыққан 7 669 оқушыны мектепке дайындауға 460 млн теңге бөлінді. Алматыда осы санаттағы балалардың әрқайсысына 60 мың теңгеден беріледі. Қаражат ата-аналардың есепшотына тікелей аударылады.
Бұдан бөлек, демеушілердің қаражаты есебінен тағы 3 968 оқушыға мектеп керек-жарақтары мен өзге де көмек көрсетілді. Бұл мақсатқа жалпы 98 млн теңге жұмсалған.