Алматыда алғашқы жарнаның бір бөлігін өтеу үшін тұрғын үй сертификатын алуға өтінімдер 2 шілдеден қабылданады

Сертификатты төрт түрлі санаттағы азаматтар иелене алады.

Алматы әкімдігі тұрғын үй алғысы келетіндерге сертификаттар беру үшін 2 млрд теңге бөлді. Сертификатты иеленген азаматтар соманы алғашқы жарнаның бір бөлігін өтеу үшін қолдана алады. Бұл туралы Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев мәлімдеді. 

Сондай-ақ, сертификат "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 млн теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек түрінде беріледі. Бұл "Шаңырақ" және "Бақытты отбасы" бағдарламаларының негізінде жүзеге асады. Көмек алған адам қандай жағдай болмасын, оны қайтаруға міндеттелмейді. 

Тұрғын үй сертификатын келесі санаттағы азаматтар ала алады:

  • I, II топтағы мүгедектер;
  • мүгедек балалары бар немесе оларды қамқорлығына алған отбасылар;
  • жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • көпбалалы отбасылар. 

2 шілде күні тұрғын үй сертификаттарын аламын деушілердің өтінішін қабылдау басталады. Бұл үшін "Отбасы банкінде" тұрақты төлем жасауға қабілетті екенін дәлелдеген азаматтар Алматы Тұрғын үй саясаты басқармасына жүгінеді. Өткізілген құжаттардың дұрыстығы 3 жұмыс күні ішінде тексеріледі. 

Қажетті құжаттар тізімі:

  • нысан бойынша өтініш;
  • өтініш беруші мен отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;
  • соңғы 6 айдағы табысы туралы анықтама;
  • жұмыс орнынан анықтама;
  • банктен тұрғын үй заемын беруді мақұлдаған хат.

Оқи отырыңыз: Бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификатын кім ала алады?


Тұрғын үй сертификаты тұрғын үй заемын беруге рұқсат алған әрі табысы бойынша талапқа сәйкес келетін азаматтарға беріледі. Олардың соңғы жарты жылдағы табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда, айына 106 336 теңгеден аспауы тиіс. 

Құжаттар дұрыс болған жағдайда ақша сертификат иесінің "Отбасы банкіндегі" шотына 5 жұмыс күні ішінде аударылады. Бұдан кейін банк сертификат иесімен қарыз шартын немесе ипотека келісімшартын жасайды. 

Тұрғын үй саясаты басқармасының мәліметінше, Алматыда 9 313 азамат баспанаға мұқтаж. Олардың ішінде:

  • I, II топтағы мүгедектер – 2 758;
  • мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы санатына кіретіндер – 1 462;
  • жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар – 1 890;
  • көп балалы отбасы – 3 203. 

Тұрғын үй сертификаттарына қатысты консультацияны Достық, 85/Абай, 1 мекенжайында орналасқан "Әлеуметтік қызметтер" үйіне барып алуға болады. 

  • Жұмыс кестесі: сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін.
  • Түскі үзіліс: 13:00-ден 14:00-ге дейін.

Серіктестер жаңалықтары