Тікелей эфир

Алматыда 1132 ғимарат тектоникалық қауіпті аймақта орналасқан. Олар бұзыла ма?

Жыл соңында сейсмикалық тұрақсыз объектілердің тізімі жасалады.

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы Алматыда 1132 жылжымайтын мүліктің тектоникалық қауіпті аймақта орналасқанын хабарлады. Бұл туралы басқарма Informburo порталының ресми сұрауына берген жауабында айтылды.                     

"Алматы қаласының жылжымайтын мүлік объектілерін жер сілкінісіне төзімділікке тексеру мақсатындағы паспорттау аясында 2017-2018 жылдары 10 158 объект зерттелді. Оның ішінде 8137 көпқабатты тұрғын үй кешені тексерілді. Басты мақсат – Алматы қаласының жылжымайтын мүлік объектілері паспорттарының электрондық базасын объектілерді жергілікті координаттар жүйесіне геобайланыстыра және фотоматериалдарды қоса отырып, сондай-ақ, жылжымайтын мүлік объектісінің сейсмикалық төзімділігін көзбен шолып тексеру нәтижелері бойынша өзекті атрибутивтік деректерді толтыра отырып құру болды. Зерттелген жылжымайтын мүлік объектілерінің жұмыс нәтижесі бойынша тектоникалық қауіп пайда болған аймақтарда 1132 жылжымайтын мүлік толық және ішінара орналасқан", – делінген жауапта. 

Сондай-ақ, басқарма өкілдері қазіргі уақытта паспорттаудың 2 кезеңі жүргізіліп жатқанын, оның 2024 жылдың желтоқсанында аяқталатынын хабарлады. Негізгі міндет – бұрын құрылған жылжымайтын мүлік объектілерінің электрондық картасын толықтыру.


Оқи отырыңыз: Жер сілкінуінің белсенді кезеңі 2026 жылы аяқталады. Қырғызстанның бас сейсмологы болжам жасады


"Тәуекелдер" картасы ең осал жылжымайтын мүлік объектілерін, ең алдымен қала тұрғындары тұратын тұрғын үйлерді зерттеу және анықтау үшін қажет. 2024 жылғы паспорттау аяқталғаннан кейін осал (сеймотұрақсыз) объектілердің тізімі жасалады, олар бойынша қосымша техникалық тексеру туралы шешім қабылданады және осы объект бойынша конструкцияларын нығайту жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі таңда барлық көпқабатты үйлер зерттелді. Паспорттау бойынша деректер, қорытынды есеп тапсырылғаннан және барлық жұмыстар расталғаннан кейін "ҚазҚСҒЗИ" АҚ мен басқармаға қолжетімді форматта ұсынылатын болады", – деді басқарма өкілі. 

Серіктестер жаңалықтары