"Алматы жастары" бағдарламасына өтініштерді қабылдау 29 шілде айынан бастап, 7 тамызға дейін (қоса алғанда) жалғасады. Тұрғын үй бағдарламасының әлеуетті қатысушылары www.almaty-zhastary2024.kz жаңа сайтында онлайн өтініш бере алады. Ол үшін үміткерлерге ЭЦҚ қажет, деп хабарлады Отбасы банкінің баспасөз қызметі.
Алматы әкімдігі мен Отбасы банкінің ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) бірлескен жобасына 18 жастан бастап 34 жасқа дейінгі (қоса алғанда) алматылықтар қатыса алады. Бұл ретте жұбайының жасы ескерілмейді. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Өтініштер Алматы қаласындағы мемлекеттік республикалық және қалалық ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтардың келесі санаттарынан қабылданады:
- дәрігерлер мен медбикелер;
- мұғалімдер мен тәрбиешілер;
- әртістер, жазушылар, суретшілер, композиторлар, мәдениет саласының қызметкерлері;
- жаттықтырушылар мен спортшылар;
- университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері;
- журналистер мен БАҚ қызметкерлері (мемлекеттік және коммерциялық);
- әлеуметтік сала қызметкерлері;
- құқық қорғау органдарының қызметкерлері (ҚР ІІМ, ТЖД, қалалық прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Экономикалық тергеу департаменті)
- қалалық коммуналдық қызмет мамандары;
- "Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушылары (2019 жылғы желтоқсан).
Биыл "Алматы жастары" бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Олар тіркеуге және қатысушылардың жасына қатысты. Енді өтінім берушіде және оның отбасы мүшелерінде Алматы қаласында тұрақты тіркеу болуы керек (өтініш берген кезде). Сондай-ақ өтініш берген кезде қатысушының жасы 34 жастан аспауы керек.
"Алматы жастары" бағдарламасы 2017 жылы басталған болатын. Қазіргі таңда қаланың жас тұрғындары арасында өте танымал. Осы уақыт аралығында 4 570 жас қоныс тойын тойлады. Статистикаға сай, білім беру және денсаулық сақтау салаларының мамандары аталмыш бағдарлама бойынша ең көп несие алған. Қарыз алушылардың орташа жасы - 29 жас. Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 25 млрд теңге бөлінді, оның 22 млрд теңгесі қалалық бюджеттен, 3 млрд теңгесі Отбасы банкінен. Бұл қаражат 1200 алматылық тұрғынның баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова.