Алматының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасының алдын ала қорытындысын жариялады.
Тұрғын үй бағдарламасына білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, коммуналдық қызметтер, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, құқық қорғау органдары, мәдениет, БАҚ және спорт саласының қызметкерлерінен жалпы 11 104 өтінім түскен. Нәтижесінде 3 631 өтінім мақұлдау алды.
"Бағыттар бойынша жинаған ұпайларына байланысты 1 100 үміткерге сайттағы жеке кабинетке "Отбасы банк" АҚ-да төлем қабілетін растау үшін жолдама беріледі. Жолдама алған өтінім берушілер төлем қабілетін бағалаудан өту үшін 15 жұмыс күні ішінде "Отбасы банк" АҚ-ның кез келген қызмет көрсету орталығына баруы қажет. Төлем қабілетін сәтті растаған қатысушылар 45 күнтізбелік күнде бастапқы және қайталама нарықтардағы тұрғын үйді таңдай алады. Оң бағаланған қалған 2 531 қатысушы негізгі тізім төлем қабілетінен өткенге дейін резервте болады", — делінген хабарламада.
7 473 өтінім берушінің бағдарламадан өтпеу себебі мынадай:
- жұмыс орнының бағдарлама талаптарына сәйкес келмеуі,
- ҚР бойынша меншік құқығында тұрғын үйдің болуы,
- кейінгі бес жыл ішінде тұрғын үйді иеліктен шығару,
- кейінгі алты айда зейнетақы төлемдерінің болмауы,
- ҚР бойынша тұрғын үйдің бар-жоғы туралы барлық отбасы мүшелеріне анықтамалардың болмауы,
- азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеудің сканерленген куәлігі (балалардың туу, неке (ерлі-зайыптылықты) қию, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу) туралы анықтаманың болмауы.
"Алматы жастары" бағдарламасы аясында өтінімдер мен құжаттарды қарау қорытындысы бойынша толық ақпарат www.almaty-zhastary.kz сайтына орналастырылады.