Бүгін Алматыда Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында көрнекті кино және театр актері, режиссер, Қазақ КСР және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтті.
Қаралы жиынға туыстары, достары, мәдениет және өнер саласының өкілдері, қоғам қайраткерлері, шәкірттері мен қала тұрғындары қатысты. Қоштасу рәсімінде өнер тарланының қалдырған мұрасы мен адамдық болмысы еске алынып, құрмет көрсетілді.
ҚР мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды және басқа да тұлғалар көңіл айтуға келді. Ерлан Қарин Халық әртісімен соңғы кездесуін еске алды.
"Бір апта бұрғын ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Алматыға іс-сапармен барғанда Асанәлі ағамен жолығып, сәлемімді жеткізерсің" деген еді. Алдыңғы аптада жұмыстарыммен Алматыға келгенімде Асанәлі ағамызбен кездесуге уәделестік. Бір сағаттың өзі аздау болар деп, жұмыстарымды ерте бітірдім. Қасына серік болсын деп, Жүрсін Ерман ағамызды, ақын Қалқаман Саринді және кино саласында жүрген бірқатар жастарды да қоса шақырдым. Әңгімеміз үш сағатқа созылды. Асанәлі ағамыз әдеттегідей естеліктерін айтып, сол күні ашылып сөйледі. Кеткісі келмегендей болып көрінді. Асықпады. Қоштасар сәтте келер жылы келетінімді, сол кезде жолығатынымызды айттым. Бұл соңғы кездесуіміз екенін білмедім, бірақ президентіміздің сәлемін жеткізіп үлгердім", – деп еске алды ол.
Ерлан Қарин марқұмды ақтық сапарға шығарып салар алдында Асанәлі Әшімовтің қиын да қилы тағдыры туралы айтты.
"Асанәлі ағамыз ұлы өнердің аңызы, ұлт руханиятының абызы еді. Жиырма жасында театр сахнасында жарқырады. Отызында киноның жарық жұлдызына айналды. Қырыққа жетпей КСРО-ның Халық әртісі атанды. Театрда талай бас рөлдерді сомдады. Кинодағы образдары қаншама. Режиссерлік қыры бір бөлек. Ұстаздық етті, шәкірт тәрбиеледі. Қоғамдық өмірден тыс қалмады. Кітап жазды, күнделік жүргізді. Өнердегі жолы жарқын болса да, өмірдегі жолы қиын болды. Бірақ тағдырға өкпесін айтқан емес. Өзі ұстаздарын, араласқан ағаларын – Ғабит Мүсіреповті, Шәкен Аймановты, Сұлтан Қожықовты, Кәукен Кенжетаевты үнемі айтып отырушы еді. Сол кісілердің есімін қайта жаңғыртсақ екен, жастар көп білсе екен деп отыратын. Асанәлі ағамыз өзіне осындай бір миссия арқалап жүрді", – деді мемлекеттік хатшы.
Жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхаты оқылды. Онда Асанәлі Әшімовтің соңына өшпес із қалдырғаны, жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңіргені жазылған.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Асанәлі Әшімовтің театр мен кино өнерінде ғана емес, қоғамда да маңызды тұлға болғанын атап өтті.
"Бұл қаза қабырғамызды қайыстырды. Асанәлі Әшімов бар өмірін театр мен киноға арнап, өнерге адал қызмет етті. Шәкірттері мен ізбасарлары әртістің жолын, артында қалдырған мұрасын жалғастырады деп сенеміз. Бәріміз бірге қайғырып, ұлы ұстаз әрі ұлы тұлғаға басымызды иеміз. Асанәлі ағамыздың 90 жылдық мерейтойын Алматыда ғана емес, бүкіл Қазақстан көлемінде мәдени мерекеге айналдырамыз деген жоспарымыз болған еді. Амал қанша", – деді Дархан Сатыбалды.
Ал кино және театр актері Болат Әбділманов қаралы жиында "Асанәлі Әшімовтің қазасымен бірге тұтас бір дәуір көшкендей болды" деп ауыр күрсінді.
"Осындай дана халқы, артынан ерген талантты ізбасарлары барда Асекеңнің өнерінің шаң баспайтынына, көтерген туының жығылмайтынына нық сенімдіміз. Шын мәнінде Асекең бақытты ғұмыр кешті. Халқын қаншалық сүйсе, соншалық адал қызмет етті. Халқы да Асекеңді аялады, алақанына салды, төбесіне көтерді", – деді ол.
Жиналған халық Асанәлі Әшімовке соңғы рет шапалақ ұрып, актердің денесі салынған табытты қошеметпен шығарып салды. Халық әртісі "Кеңсай-1" зиратына жерленеді.
Асанәлі Әшімов 21 желтоқсан күні 89 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
lw-3094948329-1
USD:
510.5 / 513.1
EUR:
600.0 / 604.5
RUB:
6.43 / 6.55

