Алматының Наурызбай ауданында атмосфералық ауаның сапасына жүргізілген тексеру барысында бірқатар көрсеткіштердің шекті рұқсат етілген мөлшерден айтарлықтай асқаны анықталды. Бұл туралы Eco Almaty өкілдері хабарлады.
Мамандардың мәліметінше, азот диоксидінің концентрациясы нормадағы 0,2 мг/м³ орнына 4,410 мг/м³, бензол 0,3 мг/м³ орнына 5,749 мг/м³, ал қалқыма бөлшектер (шаң) 0,5 мг/м³ орнына 36,949 мг/м³ болған.
"Тексеру Наурызбай ауданы тұрғындарының ауаның нашарлауы, өткір иіс және өмір сүру сапасына әсері туралы шағымдарынан кейін жүргізілген. Осыған байланысты 13 мамыр күні тұрғындармен кездесу өтіп, оған экология департаменті, аудан әкімдігі және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі өкілдері қатысқан. Зерттеу барысында ауа құрамындағы көміртек тотығы, азот диоксиді, күкірт диоксиді, формальдегид, күкіртсутек, бензол және басқа да зиянды заттар өлшенген", – делінген хабарламада.
Жиналған материалдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті органдарға жолданды.