Тікелей эфир

Алматы студенттер үшін әлемнің үздік 100 қаласының қатарына енді

depositphotos.com
depositphotos.com
Бүгінде Алматыдағы 37 жоғарғы оқу орнында 182 мың студент білім алып жатыр.

Studee британдық консалтинг компаниясының дерегінше, өмір сүру, интернет жылдамдығы, халықаралық рейтингке енетін жоғары оқу орындар саны сынды критерийлер бойынша Алматы 76-орында екен. Бүгін өткен "Қазақ елінің жаңа дәуірі" атты халықаралық конференцияға қатысушылар егемендік алғаннан бері Алматыдағы білім саласының даму қарқыны мен жастарға жасалып жатқан жағдай туралы талқылады. Сонымен қатар, Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдағы жетістіктері айтылды. 

Кездесуге келгендер тәу етер Тәуелсіздігімізді тілге тиек қылды. Егемендік алғаннан кейінгі еліміздің дамуын сөз етті. Тұғырға шыққандар азат елдің артықшылығын айтып, Қазақстанның 30 жылда жеткен жетістігін жіпке тізді. Тәуелсіздіктің куәсі – Алматының да маңыздылығы айтылды.

"Тәуелсіздіктің алтын бесігі Алматыда Қазақстанның қарулы күштерін құру, мемлекеттік символдар, конституция, ұлттық валютаны бекіту сияқты маңызды шешімдер қабылданды. 30 жылдың ішінде Алматының экономикасы қарқынды дамыды. Мектепке дейінгі мекемелер мен жоғарғы оқу орындарының саны да бірнеше есеге артты", – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.

Бүгінде Алматыдағы 37 жоғарғы оқу орнында 182 мың студент білім алып жатыр. Елбасының "5 әлеуметтік бастамасы" аясында 1 577 орынға арналған 6 жатақхана бой көтерді. Тағы екі студенттер үйі тұрғызылады. Жалпы, Алматы жол картасы бағдарламасы бойынша 16 мың орынға шақталған 38 жатақхана қолданысқа берілмек екен.

"Студенттердің басым көпшілігі Алматыда оқиды. Өткенде бюджет қабылдаған кезде де Алматының осы сұраныстарын өтеуге тырысқан болатынбыз. Жер сатып алу мәселесінде, басқасында да. Өйткені сөзсіз білім мәселесі қазақ үшін, Қазақстан үшін ең өзекті мәселенің бірі болмақ", – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихы бастау алған Алматы осы күні мүмкіндіктер қаласы. Мегаполисте биыл Британдық De Montfort, университетінің филиалы ашылып, студенттердің шекара аспай, өз елімізде шетелдің тәжірибесімен білім алуына жағдай жасалды. 

Материал Алматы әкімдігінің қолдауымен дайындалды. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары