Алматыда тәртіп сақшылары қаланың қоғамдық тәртібін әуеден қадағалай бастады. Қала көшелерінде енді дрондар арқылы адам көп шоғырланған жерлер, кептелістер мен жол ережесін жиі бұзатын аумақтар бақылауда болады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
"Ағымдағы жылдың басынан бастап полицияға сегіз дрон берілді. Барлығы мамандандырылған батальон құрамында. Дрондарды тек заңмен көзделген тәртіппен қолданамыз", – деді Алматы қаласы Полиция Департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Дрондар әуеде тек қоғамдық орындарда ғана ұшырылады, ал тұрғындарға алдын ала ескерту берілмейді. Қазіргі таңда заңға қайшы әрекеттер анықталған жоқ.
Қала тұрғындары бұл жобаға әртүрлі көзқараста: біреулер "қылмыс азаяды, тәртіп күшейеді" десе, кейбірі "жеке шекара" мәселесін атап, алаңдаушылық білдіріп жатыр.
Пилоттық жоба әзірше қала бойынша жалғасып, дрондарды тек арнайы оқудан өткен полицейлер ғана басқарады.