Алматы облысының мыңдаған оқушысы жаңа оқу жылында мектепке жаңа автобустарға мініп барады. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Оқушылардың қауіпсіздігі мен тасымалын қамтамасыз ету үшін облыс әкімдігі 36 жаңа автобус сатып алды.
Лизинг арқылы рәсімделген қоғамдық көліктерді алуға 2 млрд 272 млн теңге қаражат жұмсалды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев көлік кілттерін бес ауданның білім бөлімі басшыларына табыстады.
Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай мен Жамбыл аудандарында оқушы тасымалы өзекті мәселе саналады. Халық тығыз орналасқан аудандардағы 30 мыңнан астам оқушы мектепке автобуспен барып оқиды.
"Ең бастысы, балаларымыздың амандығы. Балаларымыз аман-есен, заман талабына сай білім алып, мектептен үйіне, үйінен мектепке аман-есен оралуы. Біздің негізгі мақсатымыз осындай, негізгі жұмысымыз балалар аман болсын. Тек балалар игілігіне бүгінгі автобустар қызмет етеді деген сенімдеміз", – дейді Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева.