Боралдайдағы "Алатау" базарында орналасқан "Sushi Time" дәмханасына барған тұрғындар жаппай уланып, дәрігер көмегіне жүгінген. Осыдан кейін дәмхана уақытша жабылды. Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, қазір оқиғаның қалай болғаны тексеріліп жатыр.
Тұрғындар тамақтан улану белгілерімен дәрігерлерге қаралғаннан кейін, 19 адамды ауруханаға жатқызуға тура келген.
"Алдын ала мәлімет бойынша, науқастардың бәрі сол күні осы дәмхананың тамағын жеген. Алғашқы шағымдар түсе бастаған бойда-ақ СЭС, денсаулық сақтау саласы мен әкімдік мамандары бірлесе іске кірісті", – деп мәлімдеді Іле аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.
Қазір "Sushi Time" дәмханасында тексеріс жүріп жатыр. Зертханалық сараптама үшін тағамдардан сынама алынды. Барлық құжаттар құзырлы органдарға жіберілді. Уланудың нақты себебі тексеріс толық аяқталып, зертхана қорытындысы шыққаннан кейін ғана белгілі болады. Тексеріс нәтижесі қосымша жарияланады.
Оқи отырыңыз: Прокуратура: Журналист Арай Есенбектің бейнежазбасы жасырын тергеу әрекеттері кезінде түсірілді
СЭС мамандары Боралдай тұрғындарына тамақтан улану белгілері байқалса немесе бойлары балбырап, ауырса, уақыт созбай бірден дәрігерге көрінуді ескертті. Сондай-ақ дәрігерлер барша қазақстандыққа жаз айларында сырттан тамақтануға өте ұқыпты қарауды өтінеді.
"Боралдай кентінде жаппай тағамнан улану жағдайы бойынша, аудандық СЭС тарапынан улану себебін анықтау және объектіде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бағалау мақсатында тексеру жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы объектіде зерттеу жүргізуде, зертханалық зерттеулер үшін тамақ өнімдері мен шикізат сынамалары, шайындылар алынды. Қызметкерлерді де тексеру жүргізілуде. Болған жағдайдың себептері туралы мәлімет тексеру аяқталғаннан кейін жасалады. Аталған жағдай мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының бақылауында. Тұрғындардан тамақтан улану белгілері пайда болған немесе әл-ауқаты нашарлаған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуді сұраймыз", – деп ескертті мамандар.