Тікелей эфир

Алматы облысында төтенше жағдай енгізілді

5 қаңтардан бастап Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында да төтенше жағдай енгізілген болатын.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен Алматы облысы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірде төтенше жағдай енгізілді.

"Азаматтардың маңызды және тікелей қауіпсіздігіне байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында 2022 жылғы 5 қаңтардағы 12 сағат 30 минут пен 2022 жылғы 19 қаңтардағы 00 сағат 00 минут мерзімі кезеңінде Алматы облысының шекараларында төтенше жағдай енгізілсін", – делінген Ақорда хабарламасында.

Алматы облысында төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде 23.00-ден 7.00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Төтенше жағдайдың кезеңінде Алматы облысының комендатурасы құрылып, оған "Төтенше жағдай туралы" ҚР Заңымен көзделген өкілеттіктер берілді. Алматы облысының коменданты болып Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Серік Мырзақұлұлы Күдебаев тағайындалды.

Төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде келесі шаралар мен уақытша шектеулер енгізілді:

  • қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтіледі;
  • Алматы облысында жүріп-тұру, оның ішінде көлік құралдары қозғалысының еркіндігіне шектеулер белгіленеді;
  • жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың заттарын, көлік құралдарын тексеру жүзеге асырылады;
  • Алматы облысына кіру, сондай-ақ одан шығу шектеледі;
  • бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады;
  • ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салынады;
  • қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынсын, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режимі белгіленеді;
  • жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қою қамтамасыз етіледі.

Төтенше жағдай режимі кезінде қолданылатын шаралардың іске асырылуына жауапты болып Алматы облысының комендатурасы, ІІМ, ҰҚК, ТЖМ және Қорғаныс министрлігі белгіленді. Үкімет төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен қажетті қаражатты бөлінеді.

Серіктестер жаңалықтары