Алматы облысының 24 жастағы тұрғыны несиесін өтеу үшін жаңа туған баласын сатуға мәмілеге келген. Бұл туралы брифингте ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Қанат Нұрмағамбетов хабарлады.
Алматы облысында департамент қызметкерлері жаңа туған нәрестені сатып алу-сату фактілерін анықтады.
"Жеті айлық жүкті болған 24 жастағы облыс тұрғыны әлеуметтік желіге баласын сатамын деп хабарландыру салып, сол уақытта сатып алушыларды іздеген. Одан кейін баласы жоқ ерлі-зайыптылармен хабарласқан", – деді Қанат Нұрмағамбетов.
2023 жылдың қазан айында баланы одан әрі асырап алу үшін ерлі-зайыптыларға заңсыз берілген. Оның орнына олар әйелдің несиелік қарызын өтеген. Осы факті бойынша "Кәмелетке толмағандарды саудалау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті қамауға алынды.
Шымкентте жаңа туған нәрестені сатудың тағы бір дерегі тіркелді. Полиция қызметкерлері 23 жастағы әйелдің баласына сатып алушылар іздеп жүргенін анықтап, делдал арқылы басқа облыстың 45 жастағы тұрғынын тауып, онымен ақылы мәміле жасауға келіскен.
Оқи отырыңыз: "Әкесімен ерлі-зайыпты ретінде бірге тұрды". Дағдарыс орталығын паналаған әйелдердің хикаясы
Тергеушілер күдіктінің бірнеше рет алаяқтық жасағанын және оның көп қарызы бар екенін анықтады.
"Бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы "Кәмелетке толмағандарды саудалау" бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бала балалар үйіне жіберілді, ал әйел қазір қамауда", – деді Қанат Нұрмағамбетов.