Алматы облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесі 800-ден астам автокөлікті заңсыз тіркеу ісі бойынша сотталды. Сот олардың әрқайсысына қылмыстағы рөлі мен қатысу деңгейіне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Қылмыстық топ мемлекетке төленуге тиіс тіркеу және утиль алымдарын айналып өтіп, бюджетке 6,6 млрд теңгеден астам шығын келтірген.
ҚМА-ның Алматы облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында қылмыстық топтың екі жыл бойы белгіленген талаптарды айналып өтіп, көліктерді заңсыз тіркеумен айналысқаны анықталған.
"Алғашқы кезеңде топ мүшелері техникалық регламент талаптарын бұза отырып Қазақстанға әкелінген 642 жүк көлігін заңсыз тіркеген. Кейін олар жеңіл автокөліктерге қатысты "қосар көліктерді тірілту" схемасына көшкен. Яғни заңсыз әкелінген көліктерге Қазақстанда бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған басқа автокөліктердің VIN-кодтары берілген. Осы тәсілмен тағы 209 көлік тіркеуге қойылған. Заңсыз схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері және жеке нотариустар да қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәлімет енгізіп, жалған тұлғаларға сенімхат рәсімдеуді қамтамасыз еткен", – делінген хабарламада.
ҚМА мәліметінше, заңсыз тіркелген көліктер бойынша төленбеген алғашқы тіркеу алымдарының көлемі 5,4 млрд теңгені, ал утиль алымы 1,2 млрд теңгені құраған.
Тергеу кезінде көлік иелері алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеп, мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылған. Сонымен қатар сот үкімімен сотталғандардың қылмыстық табысқа сатып алған бес автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Ал іске қатысы бар нотариустарға сот нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.