Алматы облысы 10 заманауи жедел жәрдем көлігін сыйға алды

Бұл көліктер жедел жәрдемнің екінші санаты бойынша қызмет көрсетуге арналған.

Бүгін Алматы облысындағы Маревен Фуд Тянь-Шань компаниясы өзінің 10 жылдығына орай облыстың денсаулық сақтау жүйесіне заманауи 10 жедел жәрдем көлігін табыс етті. Медициналық көліктер бүгіннен бастап өңір тұрғындарына қызмет көрсетуді бастады. 

Foton маркалы көліктер Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы, сондай-ақ, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле және Жамбыл аудандарының денсаулық сақтау жүйесіне беріледі. Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, дәл осы аудандарда жедел жәрдем қызметіне сұраныс жоғары. Дегенмен, облыста жедел жәрдем қызметі көліктеріне әлі де тапшылық бар, сондықтан алдағы уақытта жергілікті бюджет және кәсіпкерлерді тарту есебінен медициналық көлік автопаркін кеңейту жоспары бар. 

Облыс сыйға алған көліктер жедел жәрдемнің екінші санаты (жедел жәрдем санаттары туралы Информбюро материалын осы жерден оқуға болады) бойынша қызмет көрсетуге арналған. Сәйкесінше, көлік қоңырау түскеннен кейін 15 минут уақыттан кешікпей жетуі керек. Сондай-ақ, бұл жедел жәрдем көліктері стандартты медициналық жабдықтардан бөлек, электрокардиограф және дефибриллятормен жабдықталған. 


Оқи отырыңыз: Жедел жәрдем қызметін қандай жағдайда шақыру керек?


"Алматы облысында қазір 1,6 миллион халық бар. Әрбір он мың тұрғынға бір жедел жәрдем көлігі қажет деген есеппен қарасақ, көлік санын әлі де арттыру керек. Осы орайда, өз әлеуметтік жауапкершілігі аясында Маревен Фуд Тянь-Шань компаниясының облыстың денсаулық сақтау жүйесіне жедел жәрдем көліктерін сыйға беруі тек саладағы мәселелерді шешуге үлес қосып қана қоймайды, сонымен бірге өзге кәсіпкерлерге де үлгі болады деп үміттенемін", – деді Ержан Сүлейменов.  

Компанияның бас директоры Сергей Попов 2015 жылы тіркеліп және 2018 жылы зауытты іске қосқалы бері компания өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып келе жатқанын айтты. Компания басшылығы биыл 10 жылдыққа орай, облысқа 10 жедел жәрдем көлігін сыйға тарту туралы шешімге келген. 

"Қазақстандағы ірі инвестициялық жобалардың бірі ретінде әлеуметтік көмекті дәл осы денсаулық саласында жасау туралы шешімге келдік. Қазір біздің өзімізде 670-тен астам адам еңбек етеді. Қызметкерлеріміздің және жалпы өңір тұрғындарының денсаулығын сақтау бәрінен маңызды деп есептейміз", – деп атап өтті Сергей Попов. 

Айта кетейік, Маревен Фуд Тянь-Шань компаниясы Қазақстанда тез әзірленетін кеспе және сорпа өндірісімен танымал. Қазақстандағы тамақ өнімдері бойынша үздік 10 өндіріс шоғырына кіреді. NielsenIQ Kazakhstan мәліметінше, компания кеспелері Қазақстан нарығының 62 пайызын жабатын болса, сорпа үлесі 42 пайызға тең. Одан бөлек, компания түрлі сусындар мен снэктер де өндіреді. 

Серіктестер жаңалықтары