Almaty Marathon: 28 қыркүйекте Алматыда жолдардың бір бөлігі жабылады

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
Марафонның сөре және мәре сызығы Республика алаңында орналасады.

Алматыда 28 қыркүйек күні кезекті Almaty Marathon өтеді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, биыл марафонға 60-тан астам елден келген 16 мың адам қатыспақ. Сол себепті 28 қыркүйек күні сағат 06:00-ден 12:30-ға дейін марафон қашықтықтары өтетін жолдарда көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Спортшылардың жүгіріп өтуіне қарай жолдар кезең-кезеңімен ашылып отырады. Марафонның сөре және мәре сызығы Республика алаңында орналасады.

27 қыркүйек күні сағат 06:00-ден бастап 28 қыркүйек сағат 22:00-ге дейін Сәтбаев көшесінің Желтоқсан көшесінен Назарбаев даңғылына дейінгі бөлігінде екі бағыттағы көлік қозғалысы тоқтатылады.

Ал Назарбаев даңғылында Сәтбаев көшесінен әл-Фараби даңғылына дейінгі аралықта көлік қозғалысы сағат 06:25-тен 09:35-ке дейін толықтай тоқтатылады.

Іс-шара өтетін күні әл-Фараби даңғылында Назарбаев даңғылынан Шашкин көшесіне дейінгі аралықта сағат 06:30-дан 09:45-ке дейін көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Әл-Фараби даңғылының батыс бағытындағы Шашкин көшесінен Саин көшесіне дейінгі аралықта сағат 06:35-тен 10:15-ке дейін көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Көшенің оңтүстік жағы автокөлік қозғалысы үшін ашық болады.

Саин көшесінің солтүстік бағытындағы Әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейінгі бөлігі сағат 07:00-ден 11:00-ге дейін жабылады. Абай даңғылының шығыс бағытындағы Саин көшесінен Розыбакиев көшесіне дейінгі бөлігі сағат 07:10-нан 11:30-ға дейін жабылады. Даңғылдың солтүстік жағы автокөлік қозғалысы үшін ашық болады.

Абай даңғылында Розыбакиев көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейінгі бөлігі сағат 07:20-дан 12:00-ге дейін толықтай жабылады. Баламалы қозғалыс әл-Фараби даңғылы арқылы жүзеге асырылады.

Байтұрсынов көшесінің бойымен Абай даңғылынан Сәтбаев көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы сағат 07:30-дан 12:15-ке дейін толықтай жабылады.

Сәтбаев көшесінің бойымен шығыс бағытта Байтұрсынов көшесінен Желтоқсан көшесіне дейінгі бөлігі сағат 07:40-тан 12:30-ға дейін толықтай жабылады.

Сондай-ақ Желтоқсан көшесінің бойымен Абай даңғылынан Сәтбаев көшесіне дейінгі бөлігі 27 қыркүйек сағат 18:00-ден 28 қыркүйек сағат 16:00-ға дейін ішінара жабылады.

Серіктестер жаңалықтары