Алматы "Әлемдік қолөнер қаласы" мәртебесіне ресми түрде ие болады

Фото: ALA CRAFT 2025 қолөнер фестивалін ұйымдастыру тобы
Фото: ALA CRAFT 2025 қолөнер фестивалін ұйымдастыру тобы
4-5 қазанда Алматыда халықаралық ALA CRAFT 2025 қолөнер фестивалі өтеді.

Бүгін оңтүстік Астанада шымылдығы түрілетін қолөнер фестиваліне Қазақстан мен шетелден келген 100-ден астам шебер қатысады. Шара Республика сарайының алдындағы Достық алаңында өтеді. 

Фестивальдің басты сүйіншісі – оның аясында Алматыға "Әлемдік қолөнер қаласы" мәртебесі ресми түрде беріледі. Бұл туралы фестиваль қарсаңында ұйымдастырылған баспасөз мәжілісінде белгілі болды. 

"Алматының World Craft City мәртебесін иеленуі – тек қала үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға. Қазақстан Президенті өзінің соңғы Жолдауында туризмді дамытуды еліміздің болашағына арналған стратегиялық міндеттердің бірі ретінде атап өткен болатын. Біз ALA CRAFT тек қана қолөнершілер мерекесі емес, сонымен қатар Алматының туристік әлеуетін жарқын көрсететін шара болатынына сенімдіміз. Фестиваль қаламыздың – дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи креативті тәжірибелерді қолдайтын мегаполис екенін дәлелдейді. ALA CRAFT халықаралық туристердің назарын аударып, әлемдік мәдени картадағы маңызды оқиғаға айналады", – деді Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Ещанова.

Фестивальге Қазақстаннан бөлек, Австралия, Жаңа Зеландия, АҚШ, Ресей (Адлер, Татарстан, Башқұртстан), Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Үндістан, Италия және Францияның да қолөнершілері мен этно-дизайнерлері жиналды. 

Фото: ALA CRAFT 2025 қолөнер фестивалін ұйымдастыру тобы

Әлемдік қолөнершілер кеңесі Азия-Тынық мұхиты аймағы басқармасының құрметті мүшесі әрі кеңесшісі Азиз Муртазаев қазақстандықтардың байырғы қолөнерді сақтай алғанына және жаңғырта алғанына ерекше тоқталды. 

"Фестиваль Қазақстанның басқа елдермен қолөнер арқылы байланысы халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, жасампаздыққа жетелейді. Біз мәдени алмасу шеберлерге шабыт беріп, жаңа жобалар жасауға және бір-бірімізді өнер мен дәстүр арқылы жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді деп сенеміз", – деді ол. 

Айта кетейік, Қазақстанның үш қаласы – Тараз, Алматы және Түркістан әлемдік қолөнер қалаларының тізіміне енген. Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің вице-президенті Айдархан Қалиевтің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның өзге қалаларын да бұл қатарға қосу бағытында жұмыс жүріп жатыр. Дегенмен оның өз шарттары бар. Біріншіден, әр өңірдің өзінің қолөнерге қажет шикізат көзі болу керек екіншіден қолөнершілердің қызығушылығы мен жергілікті биліктің қолдауы қажет. 

"Мен Қазақстан өңірлерін жиі аралаймын. Әзірге, Тараз, Алматы, Түркістан және Шымкент қолөнер қаласы мәртебесіне расымен лайық екенін білемін. Еліміздің қалған өңірлерін бұл қатарға қосу үшін әлі біршама дайындық керек", – деді бұл ретте дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің құрметті мүшесі әрі кеңесшісі, Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова. 

ALA CRAFT 2025 фестивалінің бағдарламасымен осы сілтеме бойынша өтіп танысуға болады. 

Серіктестер жаңалықтары