Тікелей эфир

Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы болып тағайындалды

Ол 2024 жылғы 5 ақпанға дейін премьер-министр қызметін атқарды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы лауазымына Әлихан Смайылов тағайындалды. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

"Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы лауазымына тағайындалсын.", – деп жазылған мемлекет басшысының жарлығында.

Әлихан Смайылов / Фото: Informburo.kz

Бүгін президенттің жарлығымен Наталья Годунова Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы лауазымынан босатылған болатын. 


Әлихан Смайылов 1972 жылы дүниеге келген. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін "қолданбалы математика" мамандығы бойынша тәмамдаған. 1996 жылы ҚР президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды.

Еңбек жолын 1993 жылы "А-Инвест" инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы қызметінен бастады. 1999 жылға дейін қордың бөлім басшысының орынбасары, Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы, Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары, бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.

1999-2003 жылдары – Статистика агенттігінің төрағасы, 2003-2006 жылдары сыртқы істер вице-министрі, "Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы" АҚ басқарма төрағасы, 2006-2009 жылдары – қаржы вице-министрі, "ҚазАгро" ҰХ президенті, 2009-2014 жылдары – Статистика агенттігінің төрағасы, 2014–2015 жылдары – Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы, 2015 жылдың желтоқсанында президент көмекшісі болып тағайындалды.

2018-2022 жылдары Қаржы министрі, премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі лауазымын атқарса, 2022 жылы 11 қаңтарда мемлекет басшысының жарлығымен премьер-министр болып тағайындалды.

2024 жылы 5 ақпанда Қазақстан үкіметі отставкаға кетіп, Әлихан Смайылов орнын босатты. 

Серіктестер жаңалықтары