Тікелей эфир

Әлихан Смайылов премьер-министр болып тағайындалды

Мәжілісте оның тағайындалуына тек ЖСДП фракциясы ғана қарсы болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен парламент мәжілісінің пленарлық отырысында Әлихан Смайылов үкімет басшысы болып тағайындалды.

Әлихан Смайылов. Фото: Информбюро порталы

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мемлекет басшысына Amanat партиясының атынан жаңа премьер-министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын ұсынды.

Конституцияның 44-бабына сәйкес президент премьер-министр лауазымына ұсынылатын кандидатура жөнінде фракция басшыларымен кеңесуге тиіс. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесті. 

"Мен сайлауда жеңіске жеткен партия мемлекет басшысына премьер-Министрдің кандидатурасын ұсына алатынын атап өттім. Бүгін мен мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдадым. Жаңа ғана фракция жетекшілерімен арнайы кездестім. Үкімет басшысы лауазымына Amanat партиясы ұсынған кандидатты талқыладық. Ортақ мәмілеге келдік. Ата заңымыздың 44-бабына сәйкес, премьер-министр лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынамын. Баршаңыз бұл азаматты жақсы танисыздар. Білікті әрі тәжірибелі маман. Жұмысқа адал, еңбекқор адам. Ол үкіметтің алдында тұрған міндеттерді жақсы біледі. Оған жаңа үкіметтің тізгінін сеніп тапсыруға болады деп санаймын. Конституцияның 56-бабына сәйкес премьер-министр лауазымына Әлихан Смайыловты тағайындау үшін мәжілістің келісім беруін сұраймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мәжілісінің пленарлық отырысында.


Оқи отырыңыз: Қошанов Үкімет басшысы қызметіне Әлихан Смайыловты ұсынды


Алайда ЖСДП партиясының депутаттары Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қолдамады. Нұрлан Әуесбаев Әлихан Смайыловтың премьер-министр болуына қарсы екенін айтты. Мәжілісте қолдаған депутаттар – 82, қарсы болғандар – 7, ал қалыс қалғандар – 8. Депутаттардың басым дауысын иеленген Әлихан Смайылов Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен премьер-министр лауазымына тағайындалды.

2022 жылы 11 қаңтарда Әлихан Смайылов премьер-министр лауазымына тағайындалған болатын. Әлихан Смайылов бастаған үкімет мәжіліс депутаттарын сайлаудан кейін отставкаға кетті.

Серіктестер жаңалықтары