Ақтөбе облысының Темір, Ырғыз, Мұғалжар және Әйтеке би аудандарының көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындары Әлидар Өтемұратовтың DAR Charity қоғамдық қорының қаражаты есебінен сатып алынған жаңа үйлердің кілтін алды.
"28 наурызда Жем өзені тасып, соның салдарынан үйіміз суға кетіп қалған. Тұруға жарамсыз болып қалып еді. Содан осы DAR қорының қолдауымен бізге Қандыағаш қаласынан өз ойымыздағыдай қолайлы үй алып беріп жатыр. Көмек көрсетіп жатқанына көп-көп рахмет. Үй өте керемет, өзіміздің ойымыздағыдай, жарық, кең, жайлы үй таңдап алып беріп жатыр. Қорға осы көмек көрсетіп жатқан үшін алғысым шексіз. Алла қаласа, осыған көшіп келіп жатырмыз", – деді Мұғалжар ауданы Шенгелші ауылының тұрғыны Болат Махамбетов.
Қор сатып алған тұрғын үйдің орташа ауданы шамамен 130 шаршы метрді құрайды, ең шағын үйдің ауданы – 70 шаршы метр, ал ең үлкені – 183 шаршы метр. Зардап шеккен тұрғындар жаңа тұрғын үй таңдау процесіне тікелей қатысты. Ең көп тұрғын үй Батпақкөл және Құмсай ауылдарында – сәйкесінше 6 және 5 үй сатып алынды. Барлығы 31 үй сатып алынды.
"Басында жаңадан үй салуға келісіп едім, бірақ кейін әкімдік осы Әйтеке би ауданынан үй сатып алуға, яғни дайын үй сатып алуға екінші мүмкіндік берді, – деді Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылының тұрғыны Саматбек Сақтағанов. – Ризамын, үй өзім көңілімнен шығып тұр. Осыған байланысты көмек беріп жатқан аудан әкіміне, DAR қорына алғысымды білдіремін. Қуанышым шексіз. Қорқынышым қуанышқа ұласты. Арты осындай жақсылықпен аяқталып жатыр. Ризамын. Рахмет бәріне".
Естеріңізге сала кетейік, биылғы сәуірде DAR Charity қоры Ақтөбе облысының су тасқыны салдарынан үйлері толығымен қираған тұрғындарына көмек көрсетуге 500 млн теңге бөлген болатын.