Тікелей эфир

Әлеуметтік осал отбасы балалары аптасына 3 қосымша сабақ оқи алады

БҒМ бұл жобаны қаржыландыру үшін «Қазақстан халқы» қорынан көмек сұрап отыр.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларды қолдаудың жаңа тетіктерін баяндады.

Мектептер бойынша

Биыл әлеуметтік осал отбасы балалары үшін мамандандырылған мектептерге түсуге жаңа 15%-дық квота енгізу туралы шешім қабылданды. Яғни, осындай отбасылардан шыққан 2 мыңнан астам бала жаңа квота бойынша БИЛ, Дарын және тағы басқа мектептерге оқуға түсе алады.

"15% – көп емес. Сол себепті мамандандырылған оқу орындары басшыларына мектептердің нәтижелеріне әсер етеді деп алаңдауына негіз жоқ. Жоғары академиялық жетістіктері бар балалармен қарым-қатынас және қоршаған орта осы оқушыларға оң әсер етеді және олардың тез бейімделіп, білімдерін шыңдауына және оқуда жетістікке жете алатынына сенімім мол", – деді Асхат Аймағамбетов.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Дарынды ғана емес, әлеуметтік осал топтағы балаларды да қолдау маңызды


"Сандық (цифрлы) репетитор" жобасы

Жоба мақсаты – әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға (500 мыңға жуық оқушы) апта сайын тегін математика, тіл немесе жаратылыстану пәндерінен кемінде 3 қосымша сабақ алу мүмкіндігін беру.

БҒМ бұл орайда "Қазақстан халқы" қорынан осы жобаны қаржыландыруға қолдау көрсетуді сұрап отыр.

Колледждер бойынша:

Биыл республикалық бюджеттен қосымша 45 мың грант бөлінді. Олар біліммен қамтуды арттыру мақсатында әкімдіктер мен жергілікті колледждерге беріледі.

Университеттер бойынша:

Былтыр гранттарды бөлу кезінде алғаш рет әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға университетте оқуға квота енгізілді. Соның арқасында былтыр мүмкіндігі аз болғандарға енді мемлекет есебінен білім алу мүмкіндігі айтарлықтай артты.

"Осы студенттердің бірінші оқу жылының нәтижесін және осындай шешімнің тиімділігін көріп, енді болашақта бұл квотаны одан әрі ұлғайтып, жалпы грант санының 15%-ына жеткізуді жөн көрдік. Яғни халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан тағы 5 мың бала мемлекеттік бюджетке оқуға мүмкіндік алады", – деді министр.

Ауыл түлектерін қолдау

Биыл ауыл мектептері түлектерінің жоғары білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында олардың квотасын 35 пайызға дейін ұлғайту шарасы қолға алынды.

Серіктестер жаңалықтары