Тікелей эфир

Alayaq.net жобасы Қазақстанда 200-ден астам алаяқтық әрекетті анықтауға көмектесті

Интернет гигиенасын насихаттау мақсатында жобаның сайты іске қосылып, журналы шыға бастады.

Қазақстанда жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру мен интернет алаяқтықтың алдын алуға бағытталған екі жылдық республикалық "Alayaq.net" жобасы аяқталды. Волонтерлердің құқық қорғау органдарымен бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде 200-ден астам алаяқтық схема, оның ішінде заңсыз онлайн-казинолар анықталды, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі. 

Астанада жобаны қорытындылау мақсатында өткізілген форумға 20 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында құқық қорғау органдарының өкілдері, банк секторы, қоғамдық ұйымдар мен мамандандырылған оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ ТМД елдерінен келген сарапшылар болды. Форум интернет-алаяқтықпен күрес және жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселелерін талқылау алаңына айналды.

Қатысушылар қол жеткізілген нәтижелерді саралап, тәжірибе алмаса отырып, киберқатерлерден қорғанудың жаңа әдістерімен танысты. 

"ALAYAQ.NET" жобасының негізін қалаушы Абылайхан Әбдіраштың айтуынша, Қазақстанның өңірлерінде қозғалыс белсенділері қаржылық сауаттылық бойынша марафондар өткізіп, 125 мыңнан астам адамды қамтыған. Қаржылық мониторинг агенттігінің, полицияның және басқа да ведомстволардың қолдауының арқасында жоба 28 мемлекеттік және қоғамдық ұйыммен ынтымақтастық орнатты.

"Жоба іске қосылғаннан бері 200-ден астам алаяқтық әрекет пен схеманың жолы кесілді. Бірлескен акциялар мен оқу іс-шаралары осы мәселеге қоғамның назарын аударып, жастарға алаяқтықтан қорғану үшін қажетті білім беруге мүмкіндік жасады", – деді ол. 

Форумда "Alayaq.net" жобасының үздік еріктілерін марапаттау рәсімі өтті

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов алаяқтықпен күресте қоғамның бірігуінің маңыздылығын ерекше атап өтті. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Үкіметке интернет-алаяқтықпен күресу шараларын күшейтуді тапсырды. "Alayaq.net" жобасы осы міндетті жүзеге асырудағы қоғамның жарқын үлгісіне айналды. Мемлекеттік органдар, еріктілер мен танымал блогерлердің бірлескен жұмысы жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, кең аудиторияны қамтуға және азаматтарды киберқатерлерден қорғауды жақсартуға мүмкіндік берді. Біз заң үстемдік ететін қоғам құрып жатырмыз, ал кез келген салада тәртіпті сақтау – осы қағиданың негізгі бөлігі", – деді Қайрат Бижанов.

Айта кетсек, жоба аясында пайдаланушыларға алаяқтық жағдайлары туралы хабарлау, қаржылық сауаттылықты арттыру және интернет-алаяқтыққа қарсы қозғалысқа қосылуға мүмкіндік беретін "Alayaq.net" сайты іске қосылды. Сонымен қатар, "Сарапшы-блогерлер мектебі" құрылып, кең аудитория үшін интернет-гигиена ережелері, мамандар кеңестері және киберқатерлерден қорғанудың заманауи құралдары ұсынылған "Alayaq.net" журналы жарық көрді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары