Алатау полигонында ірі өрт тұтанды: Алматы облысында төтенше жағдай жариялануы мүмкін

Фото: ТЖМ
Фото: ТЖМ
Алатаудағы өртке қосымша әскери бөлімдер жіберілді.

Алатау полигонындағы өртті сөндіруге бес облыс пен екі қаланың ТЖД күштері тартылды, деп хабарлайды  ТЖМ баспасөз қызметі.

Өртті сөндіру жұмыстары қиындап тұр. Себебі өрт көп аумақты шарпыған, жердің 10 метр тереңдігінде әлі де бықсыған шоқтар бар, ал желдің бағытының өзгеруі жалынды қайта күшейтіп жібереді.

Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтің тапсырмасы бойынша кеше кешке өрт орнына Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев барды. Іс-қимылдарды үйлестіру оқиға орнында да, ТЖМ Командалық орталығынан да жүргізіліп жатыр. Полигонда өртті сөндіру жұмыстарын тәулік бойы жүзеге асыратын жедел штаб жұмысқа кіріскен. Өртті сөндірудің 6 учаскесі құрылды.

"Өрт орнында "Терең-Қара" өзенінен ашық су көзіне автомобиль-сорғы жеңін орнату арқылы магистральдық желі тартылып, суды үздіксіз жеткізу ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға 6 техника: бір автомобиль-сорғы жеңі және 5 автоцистерна жұмылдырылды. Өртті сөндіруге 11 өрт оқпаны және 1 тасымалды лафетті оқпан берілді. Өртті сөндіру жұмыстары өрт жүктемесімен, 10 метр тереңдіктегі бықсумен және жел бағытының өзгеруімен күрделеніп отыр. Өртті сөндіруге Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, сондай-ақ ҚР ТЖМ Мартбек Мамраев атындағы 52859 және Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері қосымша жұмылдырылды. Барлығы 200-ден астам жеке құрам мен 90-нан астам техника жұмыс істеп жатыр", – делінген хабарламада.

Алматы облысында өртке байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Мұндай ұсынысты Алатау қаласының әкімдігі жасап отыр. 

Құжат жобасы "Ашық НҚА" сайтында қоғамдық талқылауға шығарылды.

Серіктестер жаңалықтары