Қазақстанда алаяқтар смартфондарға зиянды қосымшалар орнату арқылы азаматтардың деректеріне қашықтан қол жеткізетін жаңа схеманы қолдана бастаған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ескерту жасады.
Қазіргі уақытта Android операциялық жүйесі орнатылған құрылғыларға зиянды бағдарламаларды тарату деректері тіркеліп жатыр. Қаскөйлер фишингтік сілтемелерді мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жіберу, жалған мобильді қосымшалар ұсыну, фото, бейне немесе құжат түрінде жасырылған файлдар тарату тәсілдерін қолданады. Сондай-ақ мемлекеттік органдар, банктер немесе жеткізу қызметтері атынан хабарламалар жолдап, акция не ұтыс ойындары сылтауымен қосымша орнатуды талап етеді.
Министрлік мәліметінше, мұндай бағдарлама орнатылғаннан кейін алаяқтар құрылғыны қашықтан басқарып, банк шоттарындағы қаражатты ұрлауы, онлайн-несие рәсімдеуі, жеке деректерді таратуы немесе телефонды бұғаттап, ақша талап етуі мүмкін.
Полиция азаматтарға бейтаныс адамдардың өтініші бойынша қосымша орнатпауға, SMS арқылы келген кодтарды ешкімге бермеуге және күмәнді сілтемелерге өтпеуге кеңес береді. Тек ресми қосымшаларды жүктеп, антивирустық бағдарламаларды пайдалану және банк операциялары туралы хабарламаларды қосу қажет.
Күдік туындаған жағдайда интернетті дереу өшіріп, банкке хабарласу және құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады.
USD:
460.1 / 462.7
EUR:
541.5 / 546.5
RUB:
5.95 / 6.07