Актриса, продюсер Дариға Бадықова атышулы "Таптым-ау сені" фильмінің жалғасы болып саналатын "Тастаймын-ау сені" фильмінің түсіріліп басталғанын хабарлады. Түсірілім жұмыстары 12 ақпанда басталған.
Жоспар бойынша фильм көрермендерге мамыр айында ұсынылмақ.
Актрисаның "Таптым-ау сені" фильмі қоғамда екі жақты пікір талқысын туғызған болатын. Кино сарапшылары фильмге өте төмен баға берсе, қарапайым көрермендер тарапынан фильмді ұнатқаны туралы реакция байқалды.
Актрисаның жаңа фильм туралы Instagram желісіндегі посттарының астында да пікір қазірден екіге жарылып жатыр. Бір тобы жаңа фильмнің түсірілім тобына сәттілік тілесе, "Таптым-ау сені" фильмін сынап жатқандар да бар. Сондай-ақ, фильмдердің атауына да айтылған сын аз емес.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы жарық көрген үздік отандық фильмдер. Информбюро шолуы
Еске салайық, "Таптым-ау сені" фильмі – актриса Дариға Бадықованың алғашқы продюсерлік жобасы. Ол 2023 жылы кинопрокатқа шыққан алғашқы он күн ішінде (1-10 желтоқсан аралығы) 1,1 млрд теңге қаржы жинап, рекордтық көрсеткішке ие болған еді.