Тікелей эфир

"Әкесі мен баласы бар". Кеген ауданында үш адам көшедегі құдыққа құлап көз жұмды

Өлімге не себеп болғаны жан-жақты тексеріліп жатыр.

Алматы облысында үш адам көшедегі құдыққа құлап көз жұмды. Қайғылы оқиға Кеген ауданында болған. Қаза тапқандардың арасында 15 жасқа енді толған бала да бар, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Марқұмдардың жақындары қайғылы оқиғаға құдыққа жауапты мекемені кінәлайды. Айтуларынша, жұмысшылар қызмет көрсетуге уақытында жетпеген соң тұрғындар су құбырын жөндеуге өздері түскен. Құдықтың тереңдігі – шамамен 2 жарым метрдей. Алдын ала болжам бойынша қаза болғандар осы құдықта жиналған улы газға тұншығып көз жұмған. Белгілі болғандай мерт болғандардың екеуі әкелі-балалы жандар. Ал көз жұмған үшінші адам сол әулеттің көршісі. 

"Арыстай екі бірдей бауырымнан айырылып қалдым. Су келмей қалған соң құдыққа түскен еді. Барлығы дұрыс болса бармайтын еді, түспейтін еді. Үш бірдей адамнан айырылып қалып отырмыз", – дейді марқұмның туысы Дина Айтбаева.

Туыстарының айтуынша, олар құдыққа су құбырын тексеру үшін барған. Бірақ біреуі ішіне түскен соң қайта шыға алмай, қалғандары соны құтқарамын деп артынан секірген. Құтқарушылар жетемін дегенше үшеуі де жан тапсырған. Құдықтан ең соңғы болып 15 жастағы баланың мәйіті шығарылған.

"Біреуден көмек келер болса қарапайым тұрғын мұндай қауіп-қатерге, жұмысқа бармайды. Ешқайдан көмек келмейтінін білгеннен кейін үйде су жоқ болғандықтан өздері екі кештің арасында құдыққа түсіп отыр. Мәселенің бәрі жүйе мен мемлекеттік мүліктің қараусыздығынан", – деді қаза тапқандардың туысы Мақпал Шадан.  

Туыстары қаза болған үшеуі жауапты мекеме өкілдері бұған дейін талай мәрте шақырғанда келмеген соң құдыққа өздері түсуге бел буғанын айтып отыр. Ал бұл сөзді мекеме басшысы жоққа шығарып, "оқиға болмас бұрын ешқандай хабарлама түспеді" деп ақталды.

"Қауіпсіздік ережелері бойынша мұны ешкім ашпауы керек. Ешкім түспеуі керек. Бірақ тұрғындар құдықты ашып, ішіне түсіп отыр. Апат болса бізге хабарлама берсе, онда біз келіп жасаймыз. Құдықта ешқандай апат болмаған. Өздері ашып, өздері түсіп отыр", – деді Кеген ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Кеген су құбыры" МКК басшысы Алмас Сейітқожа.

Көңіл айтып келген кегендіктер "ішінде адам өлген құдықтың өзі дұрыс салынбаған" дейді. Көшеге асфальт төселгенде қақпағы жер астында қалып, ішіне ауа өтпейтіндей көміліп, құдыққа улы газ соның салдарынан жиналған деп отыр. Ал өлімнің нақты себептері бүгінде жан-жақты тексеріліп жатыр. Марқұмдардың денесі жақындарына әлі берілмеген. Полиция сараптама жүргізіп жатқанын хабарлады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары