Тікелей эфир

Академик, сыншы Серік Қирабаев өмірден озды

Ғалым 94 жаста болатын.

Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, сыншы, академик Серік Қирабаев 95 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Ақпаратты Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты растады. 

Серік Қирабаев 1927 жылы 23 наурызда Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Атасу ауылында туған.

1951 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіргеннен кейін аспирантурада оқи жүріп, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, "Әдебиет және искусство" журналының бөлім меңгерушісі болып істеген.

"Пионер" журналында редактор, "Социалистік Қазақстан" газетінде меңгеруші, редакциялық алқа мүшесі болды. 1958 жылдан Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында 30 жыл бойы доцент, профессор, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, институт ректорының оқу ісін басқаратын орынбасары қызметтерін атқарды.

Қазақ КСР Ғылым академиясының Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, кейіннен бөлім меңгерушісі болып істеді. Филология ғылымының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР ҰҒА-ның академигі, Қазақстан және Қырғызстан республикалары ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы ордендерімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері", "Отан" орденінің иегері.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары