Тікелей эфир

"Айналма жолдың азабы": Алматы іргесінегі ауыл тұрғындары наразылық танытты

Кемертоғандықтар Үлкен Алматы айналма жолының кесірінен тас лақтырым жерге 25 шақырым жол жүріп, қала айналып баруға мәжбүр.

Алматы облысындағы Кемертоған ауылының тұрғындары наразылық танытып, жолды жауып тастады. Олардың айтуынша, Үлкен Алматы айналма жолының кесірінен жолдың арғы бетіндегі әлеуметтік нысандарға жету қиындаған, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, Алматы айналма жолын салып жатқан компания ауылға қатынайтын жолды қоршай бастаған. Сондықтан тұрғындар трассаның келесі бетіндегі мектеп, аурухана, пошта секілді әлеуметтік нысандарға жете алмай отыр. Яғни, тас лақтырым жерге 25 шақырым жол жүріп, қала айналып баруға мәжбүр. Осыны айтып, әкімдіктен жол айырық салып беруді сұраған. Алайда жауап ала алмағандықтан, жолды жауып тастаған.

Ауыл тұрғындары үлкен айналма жолын салу кезінде арық қазылғанын, жаңбыр-қар жауған кезде соның салдарынан айналадағы ауылдарды су басу қаупі артқанын айтты.

"Үлкен айналма жолдың екі жақ шетінен арық қазып жатыр. Былтыр осы жолды салып бастағанда сайда үлкен науа тастап кеткен. Ертең жаңбыр жауса және көктемде қар суы сол жерге жиналса, сайдағы үйдің барлығын су басып қалайын деп тұр", – дейді ауыл тұрғыны Айдар Сәрсенбаев.

Талабын айтып келген жұртқа серіктестік өкілдері жол салып беруге уәде берген. Көп ұзамай бір кісілік кішігірім көпір құрылысын бастаған. Алайда жұрт елдімекенге емін-еркін кіріп шығатын жол айрық немесе үлкен көпір салуды талап етіп отыр. Ал басы дауға қалған компания өкілдері жұмыс жобаға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтады.

"Айналма жол жобасында көліктерге кіріп-шығатын жолақтар қарастырылмаған. Яғни, тек тораптар болады. Қазір Алматы облысы әкімдігінің тапсырысымен бірнеше жол айырық салынып жатыр. Сол арқылы Үлкен Алматы айналма жолының жүктемесі азаяды. Әрі тұрғындар да жолды емін-еркін кесіп өтеді", – деп түсіндірді серіктестік өкілі Екатерина Жирова.

Компания өкілі, айналма жол жоспарланған кезде іргелес ауылдардың бас жоспары болмағанын жеткізді. Айтуынша, бас жоспар биыл наурыз айында ғана әзірленген. Сондықтан, әкімдік мәселені тез арада шешуге тырысып жатқанын айтады. Сондай-ақ, қандай жауын жауса да жиектегі ауылдарға қауіп жоқ екенін атап өтті. Сөзінше, аққан су арық арқылы Ақсуға құяды. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары