Тікелей эфир

Аймағамбетов "Өзін-өзі тану" туралы: мұғалімдерге қосымша ақша табу мүмкіндігі болған

Оқу-ағартау министрінің айтуынша, "Әлеуметтік педагог" мамандығы болашақта да керек болады.

"Өзін-өзі тану" пәні бойынша сабақ берген мұғалімдерді қолдау жөнінде директорларға арнайы тапсырма бердік, деп жауап берді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Informburo.kz тілшісінің қойған сауалына.

"Әртүрлі пәндер бар болса және ол пәндер балаларға керек болмаса, оларды мұғалімдерге жұмыс беру үшін ғана қалдыру қаншалықты тиімді болады? Сондықтан біз "Өзін-өзі тану" пәнін міндетті жүктемеден алып тастадық. 1 қыркүйектен бстап ол міндетті жүктемеде болмайды", – деді министр.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов "Өзін-өзі тану" пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің басым көпшілігі басқа пән мұғалімдері болғанын және "Өзін-өзі тану" бойынша қосымша сабақ бергенін айтты. 


Оқи отырыңыз: "Өзін-өзі танудың" орнына "Өлкетану": Мектептегі оқу пәндеріне өзгеріс енгізу керек пе?


"Оларға бұл қосымша ақша табу сияқты, қосымша үстемеақы, сағат алудың мүмкіндігі болған. ""Өзін-өзі танудан", мәселен, тарих, психология, орыс тілі, қазақ тілі мұғалімдері берген болса, ол сол өз пәні бойынша жұмыс істей береді. Ал "Өзін-өз тану" не "Әлеуметтік педагог" мамандығы бойынша жұмыс істейтін әріптестерге мектептерде "Әлеуметтік педагог" деген арнайы штат бар. Оларға осы бағытта жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Біз мектеп директорларына әріптестерімізді қолдау жөнінде тапсырма бердік. Қажет болған кезде бұл мәселе өз шешімін табады", – деді министр.

Министрдің айтуынша, "Әлеуметтік педагог" мамандығы болашақта да керек болады. Сондықтан, бұл мамандық бойынша оқып жатқан студенттер оқуын жалғастыра бергені дұрыс.

Серіктестер жаңалықтары