Тікелей эфир

Аймағамбетов: Білім басқармалары мектептерге еркіндік бергісі келмейді

Министр өңірлерде мектептерді қайта құру жұмысындағы олқылықтарды сынға алды.

Биыл 98 мектепті қайта құру жоспарланып отыр. Алайда, ол да жеткіліксіз. Жұмыс мүлдем қанағаттанбайтындай деңгейде жүріп жатыр, деп мәлімдеген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының білім басқармалары басшыларынан оның себебін сұрады. 

Ақмола облысы білім басқармасының өкілі өз кезегінде Ерейментау ауданы бойынша бір мектептің дайын екенін айтты.

"Екі жыл уақыт болды. 550 мектептің тым болмағанда екі жүзін өткізуге болатын еді. Ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Облыс әкімдеріне мектептерді қайта құруға тосқауыл болды деп жауапкершілікке тарту бойынша хат жазу керек болады. Биыл 98 мектеп қайта құрылады. Ол да жеткіліксіз. Білім басқармалары мектептерге бостандық бергісі келмейді. Бюрократия дәл осында тұр. Тізгінді жібермеудің тәсілі. Ай сайын сіздерге келіп иіліп, "қаржыны жұмсауға рұқсат беріңіздерші" деп тұрғанды қалайсыздар. Осындай бюрократиядан арылу керек", – деп сынады министр.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Бір ғылыми жетекшіге 15 докторант бекіту дұрыс емес


Мұнымен қатар, ведомство басшысы бюджетті үнемдеудің мектептерге еш тиімділік әкелмейтінін айтты.

"Мектептер ақшаны үнемдейді. Ал білім басқармалары үнемделген ақшаның бәрін алып қояды. Сол себепті мектептер штатты қысқартқысы келмейді, қаражатты үнемдегісі келмейді. Өйткені, үнемдегеннен мектепке еш пайда жоқ. Соны түсіну қажет. Біз жан басына қаржыландыруды әр мектепке дербестік беріп, қаражатты тиімді үйлестіру үшін енгіздік. Тиімділікті ойлап, мектептерге еркіндік беру керек", – деді министр білім басқармалары басшыларына.  

Серіктестер жаңалықтары