Тікелей эфир

Балабақшаларда оқыту-тәрбиелеу арнайы әзірленген әдістеме бойынша жүргізіледі

Бұған дейін кішкене балаларға мектептегі сияқты кесте бойынша 20 минуттық сабақтар жүргізіліп келген болатын.

ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елде 3-6 жастағы балалардың 99%-ы балабақшамен қамтылғанын мәлімдеді. Осы орайда, ол енді сапаға баса мән берілетінін айтты.

"Біріншіден, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту моделі қабылданды. Оны биылғы жылы іске асырамыз. Бұған дейін кішкене балаларға мектептегі сияқты кесте бойынша 20 минуттық сабақтар жүргізіліп келген болатын. Енді жаңа модельге сәйкес, педагог оқыту-тәрбиелеуді баланың бақшаға келген тұсынан бастап физиологиялық, психологиялық қажеттілігін ескере отырып ойын және коммуникация арқылы әдістемемен жүзеге асырады", – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр шетел тәжірибесіне қатысты зерттеулердің осы әдістеменің маңыздылығын көрсетіп отырғанын айтты. Сондай-ақ, ол сапаны арттыру үшін материалдық-техникалық база, бейнебақылау жүйесі, педагогтердің біліктілігіне аса назар аударылатынына тоқталды.

"Бұлардан өзге, балабақшалардың санитариялық, өртке қарсы нормаларға сәйкестігі – мұның барлығы мемлекеттік тапсырысты берудің басты талабы. Соның ішінде жекеменшік балабақшалардан да балаларға қолайлы жағдай жасау ерекше талап етіледі", – деді Асхат Аймағамбетов.

Еске алсақ, ШҚО-да қызметкерлерден ақша жинаған балабақша меңгерушісінің қызметінен босатылғаны туралы хабарлаған едік. Зайсан қаласындағы "Ертөстік" балабақшасының басшылығы мемлекеттік аттестациядан өту үшін еңбек ұжымынан ақша жинаған.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары