Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының, белсенділер мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшалары жаппай бұғатталып жатқанына орай мәлімдеме жасады.
Министрдің айтуынша, журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген пікір туғызатын кез келген әрекет тек жекелеген журналистер мен блогерлерге ғана емес, мемлекеттік органдардың беделіне де нұқсан келтіреді.
"Бұл мәселе сайлау науқаны кезінде айрықша маңызды. Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес. Керісінше, мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарының беделіне нұқсан келтіріп, оларды қоғам алдында теріс көрсетуге пайдаланылуы мүмкін. Сондай-ақ бұл министрліктің сөз бостандығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына кедергі келтіреді", – деді Аида Балаева.
Оның айтуынша, бұл мәселелер Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан бүгінгі уақытта ерекше мәнге ие.
"Жаңа Конституция қабылданды, негізгі мемлекеттік институттарды жаңарту үдерісі басталды, алда Құрылтайды қалыптастыру міндеті тұр. Елімізде жаңа саяси және қоғамдық мәдениеттің негізі қаланып жатыр. Оның өзегінде мемлекет кепілдік берген құқықтар мен бостандықтармен қатар, әр азаматтың өз әрекетіне жауапкершілігі де тұруға тиіс. Бұл – Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі. Заң алдында лауазымына, мәртебесіне, кәсібіне, қоғамдағы танымалдығына немесе әлеуметтік желідегі жазылушыларының санына қарамастан бәрі тең", – деді министр.
Осы ретте ол әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды.
Дегенмен, министрдің сөзінше, заңға қайшы материал мен заңды түрде айтылған пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың ара-жігін нақты ажырату аса маңызды. Заңсыз контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге әкелмеуге тиіс.
"Сөз бостандығы мен жауапкершілік бір-біріне қайшы ұғымдар емес. Керісінше, олардың үйлесімі азаматтардың құқықтары сенімді қорғалатын, заң бәріне бірдей қолданылатын, ал қоғамдық диалог нақты дерекке, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделетін кемел қоғам қалыптастырады. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлерді тарататын ақпаратына жауапкершілікпен қарауға, дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға шақырамын", – деп қорытындылады Аида Балаева.
Аида Балаева журналист Азамат Омаровтың ұсталғанына қатысты пікір білдірді
Мәдениет пен тарихтың Ата Заңда берік құндылық ретінде бекітілуі ерекше маңызды – Аида Балаева