Тікелей эфир

Әлихан Смайылов: 6 айда ЕО елдері Қазақстан экономикасына 5,2 млрд доллар салды

Премьер-Министр өз сөзінде бүгінгі таңда Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті.

Астанада ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен "Қазақстан-Еуроодақ" диалог платформасының 13-ші отырысы өтті. Іс-шара орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының, дипломатиялық корпус пен бизнес өкілдерінің қатысуымен өтті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсында жазылды.

Отырыста республиканың салық және кеден жүйелерін жетілдіру, фармацевтика өнеркәсібін, геологиялық барлау мен аграрлық индустрияны дамыту, бизнеске лицензия, несие беру және қолдау көрсету, экспорттық-импорттық операцияларды жүргізу кезінде жүктемені азайту, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселе егжей-тегжейлі талқыланды.

Премьер-Министр өз сөзінде бүгінгі таңда Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Еуропалық инвестициялардың жалпы көлемі 175 млрд доллардан асты. Атап айтқанда, 6 айда ЕО елдері ҚР экономикасына 5,2 млрд доллар инвестиция салды.

"Қазақстанның сыртқы саудасында ЕО үлесі шамамен 30%-ды құрайды. 10 айда тауар айналымы 34 млрд доллардан асты. Бұл көрсеткіштер сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға негізделген жүйелі бағытымызды айқындай түседі", – деді Әлихан Смайылов.


Оқи отырыңыз: Өмір сүру құны рейтингі: Қазақстан ТМД елдері ішінде екінші орында тұр


Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде ҚР экономикасының түрлі салаларында 3 мыңнан астам еуропалық компания табысты жұмыс істейді, олардың ішінде Shell, Eni, Air Liquide, Alstom және Claas сияқты ірі трансұлттық корпорациялар бар.

"Осы жыл инвестициялық өзара іс-қимылды дамытуда өте жемісті болды. Ортақ пул жаңа ірі жобалармен толыға түсуде. Бұған Svevind компаниясының жасыл сутегі жобасын іске асыруы, Total компаниясымен қуаты 1 ГВт болатын жел паркін салу туралы келісім, Knauf компаниясының 4-ші гипсокартон зауытын ашу жоспары, сондай-ақ Scania компаниясының көлік құралдарының ірі құрамдас бөлшектерін құрастыру жұмыстарын іске қосуы жарқын мысал бола алады. Біз сапалы және ұзақ мерзімді инвестицияларды тарту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасауға ұмтыламыз. Ол үшін ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкес инвестицияларды қолдаудың нормативтік-құқықтық базасы мен құралдары тұрақты негізде жетілдіріліп отырады", – деді Үкімет басшысы.

Серіктестер жаңалықтары