Тікелей эфир

Адвокат Абзал Құспан: Тәртіпсіздік кезінде жазықсыз ұсталған азаматтарды жылдам босатуға тырысамыз

Қазақстандықтар жазықсыз ұсталған жақындары туралы +7 708 900 99 99 сенім телефонына хабарлай алады.

Бүлік кезінде ұсталып, әлі күнге дейін қамауда отырған азаматтардың құқығының бұзылмауын арнайы комиссия бақылайды. "Аманат" комиссиясын адвокат Абзал Құспан басқарады. Оның өзі де бірнеше күн изоляторда отырып шыққан, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

"Өткен жұма мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің қабылдауында болдым. Бірінші кезекте менің адвокаттар қауымдастығы атынан қол ұсынып отырғанымызды түсінуіміз керек. Өйткені, қазір өңірлерден көптеген белсенді осы іске араласқысы келетінін, комиссия құрамына кіргісі келетінін білдіріп жатыр. Біріншіден, барлығын бірдей алу мүмкін емес. Екіншіден, біз ішкі істер министрлігіне қарасты ведомстволардағы қылмыстық істер бойынша жазықсыз азаматтарды жылдамырақ босатуға тырысудамыз", – деп түсіндірді Абзал Құспан.


Оқи отырыңыз: Қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтың мәйіті сот-медициналық сараптама үшін қайта қазылмақ


Адвокат Алматы қаласындағы прокуратура органдарының сенім телефонын хабарлады. Ол: +7 708 900 99 99. Көптеген адамның осы сенім телефонына хабарласудан қорқатынын жасырмады.

"Прокуратура арыз-шағым беруді сұрағанда, азаматтардың келуге қорқатынын айтады. Жоқ, қорықпаңыздар. Дәл осы сенім телефондарын біз де бақылауда ұстаймыз. Яғни прокуратура органдары ғана емес, комиссия мүшелері де осы түскен арыз-шағымдарды өндірісімізге аламыз", – деп сендірді адвокат.

Еске салсақ, қаңтар оқиғасында зиян шеккендерге психологтардың бір ай бойы тегін көмек көрсететінін хабарлаған едік. Акция 24 қаңтар мен 24 ақпан аралығында WhatsApp және ZOOM платформасында онлайн өтеді.

Серіктестер жаңалықтары