Әдебиет саласы бойынша 2026 жылғы Нобель сыйлығы канадалық жазушы әрі ақын Энн Карсонға берілді.
Швеция академиясы авторға Нобель сыйлығы "Классикалық дәстүрмен ойын диалогы арқылы заманауи әдебиеттің жаңа формаларын қалыптастырған батыл әрі тапқыр шығармашылығы үшін" ол берілгенін мәлімдеді.
Энн Карсон көне әдебиет пен заманауи поэзия және прозаны ұштастыра білетін туындыларымен танымал. Ол әдеби жанрларды еркін байланыстырып, ертедегі грек мифтеріне жүгінеді және баяндау формасымен тәжірибе жасаудан жалықпайды.
Ол 1950 жылы Канадада дүниеге келген. Ол – ақын, эссеист, аудармашы және көне грек әдебиетінің зерттеушісі.
Карсон шығармашылық жолында жазушылық қызметті антикалық авторлардың шығармаларын аудару және университетте дәріс беру ісімен ұштастырып келеді.
Швеция академиясы оның шығармашылығы екі түрлі тәсілдің түйіскен тұсында қалыптасқанын атап өтті. Филолог ретінде Карсон сөздердің шығу тегі мен мағынасына үңілсе, ақын ретінде сол сөздерден жаңа мағыналар іздейді. Жазушының өзі этимологияны, яғни сөздің шығу тегін зерттеуді өз жұмысының бастапқы нүктесі деп атайды.
Карсонның ең әйгілі туындыларының бірі – 1998 жылы жарық көрген "Қызылдың автобиографиясы" (Autobiography of Red) атты кітабы. Бұл – көне грек мифологиясындағы Герион туралы аңызды есею, махаббат және өзара қарым-қатынас тарихына айналдырған өлеңмен жазылған роман.
Оның өзге де еңбектерінің қатарында "Қышқылтым Эрос" (Eros the Bittersweet), "Күйеудің сымбаты" (The Beauty of the Husband), Nox және "Қызыл құжат" (Red Doc) бар.
Карсон Сапфо, Софокл және Еврипидтің шығармаларын тәржімалаған. Оның кітаптары поэзия, проза, әдеби зерттеу және драмалық элементтердің ерекше үйлесімімен ерекшеленеді.
Жазушы мансабы барысында Т. С. Элиот сыйлығы мен Гриффин ақындық сыйлығын қоса алғанда, бірқатар беделді әдеби марапаттарға ие болды.
Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын Швеция академиясы тағайындайды. 2026 жылы бұл мәртебелі марапат классикалық мұраны жаңа әдеби ізденістермен ұштастыра білген авторға бұйырды.
Оқи отырыңыз: Literary Hub әдебиет бойынша Нобель сыйлығына үміткерлерді атады. Арасында өзбек жазушысы да бар
Literary Hub әдебиет бойынша Нобель сыйлығына үміткерлерді атағанда олардың арасында өзбек жазушысы Хамид Исмаилов та болған еді.
Еске салайық, биыл Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов қазақстандық жазушы Төлен Әбдікті Нобель сыйлығына ұсыну үшін Қытай жазушысы Мо Яньға қолқа салған болатын. Алайда, жазушы бұл өтінішті орындаудан бас тартты.