Тікелей эфир

"Адамды қапқан ит атылсын". Жануарларды қорғау туралы заңның қайта қаралуын талап етушілер көбейді

Ақтөбе облысының тұрғындары балаларын далаға шығарудан қорқып отыр.

Ақтөбе облысында екі бала итке таланған ауданның тұрғындары бас көтерді. Олар жануарларды қорғау туралы заңның қайта қаралуын талап етіп отыр. Өйткені, ит аулау тоқтағалы бері аудан қаңғыған төбеттердің ордасына айналған. Соған байланысты ата-аналар балаларын не ойнауға, не қосымша үйірмелерге жібере алмай, үйден шығаруға қорқады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қаңғыған иттердің атылуын талап етіп наразылыққа шыққан көптің арасында осыдан екі апта бұрын мектептен қайтып келе жатып, он бес итке таланған оқушының анасы да бар. Азулы иттер кішкентай қыздың рюкзагы мен шалбарынан түк қалдырмаған. Қазір баласының аман қалғанына тәубе еткен ана адамды қапқан иттердің көзі жойылуын қалайды.

"Қазір балам үйден шыққысы келмейді. Қорқады. Енді әрі қарай мына өмірге қандай көзқараспен қарайтынын ойласам, болашағы үшін жүрегім ауырады. Адамға шапқан, бала жеген итті үрім-бұтағымен құрту керек", – дейді Ақмарал Жарылғапова.

Тұрғындар сөзінше, соңғы үш күннен бері 130-ға жуық адамнан арыз түсіп, 100-ге жуық ит ауланған.


Оқи отырыңыз: Ақтөбеде бұралқы иттер талаған мектеп оқушысының жағдайы әлі ауыр


Облыс әкімі Оңдасын Оразалин қаңғыған иттерді аулауға жаңа заңның жаңа талаптары сылтау болғанын мойындады. Сөзінше, бұралқы иттерді аулау үшін қызметкерлеріне үш апта уақыт беріпті.

"Мен екі-үш аптаның ішінде қаңғып жүрген иттердің бәрін аулап, жеткізетін орынға жеткізсін деп тапсырма бердім. Бұған қаражат мәселесі проблема емес. Көп қаражат талап етпейді. Оның бәрі біздің бюджетте қарастырылған. Біздің қызметкерлеріміз сол ереженің күшке енгенін тосып отырғаны өкінішті", – деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

Серіктестер жаңалықтары