Тікелей эфир

Абзал Құспан: Бейбіт митингілерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырған топтардың болғанына көзіміз жетті

Комиссия прокуратура органдарымен бірлесе отырып 300-ге жуық адамды қамаудан босатуға қол жеткізді.

Оңтүстік өңірлерде бейбіт митингіге қатысушылар бұрын өздері көрмеген, танымайтын, әскери тәртіптегі белгісіз адамдар болған, деп мәлімдеді адвокат Абзал Құспан. 

"Комиссия жергілікті прокуратура органдарымен бірлесе отырып 300-ге жуық адамды қамаудан босатуға қол жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз, әрине, жалғасын табатын болады. Дегенмен, соңғы үш апта көлемінде комиссия өңірлерге шықпай-ақ өз жұмысын орталық, мемлекеттік және құқық қорғау органдары арқылы жүйелі түрде атқаруға көшкендеріне назарларыңызды аударамыз. Осы атқарылған жұмыстар республика көлемінде сол қаңтар оқиғалары бойынша жалпы картинаны білуге және оған қатысты құқық қорғау органдары тарапынан атқарылған жұмыстар мен олардың қызметіндегі бірқатар кемшіліктер мен жетістіктер туралы алдын ала қорытынды жасауға мүмкіндік берді", – деді адвокат. 


Оқи отырыңыз: Қаңтар оқиғасында ұсталғандардың көбі – жұмысы мен жоғары білімі жоқ 30 жасқа дейінгі азаматтар


Әрі қарай ол митингіге шыққан азаматтар арасында тәртіпсіздікке үгіттегендердің ортақ белгісі барына тоқталды. 

"Барлық өңірде қатысушылармен болған кездесу нәтижесінде бәріне бірдей ортақ мынандай белгілері барын анықтадық – жаппай тәртіпсіздіктің бір кезең, бір уақыт аралығында басталуы; олардың ортақ бір талаптарының болуы. Мысалы, барлық жерде бірдей уақытта шамамен бейбіт митингіге шыққан көпшілікті облыс, қала әкімшілігін басып алуға үгіттеушілердің болғаны. Жекелеген жағдайда құқық қорғау органдары уақытылы қимылдамаған, кейде мүлдем әрекетсіздік танытқан. Оңтүстік өңірлерде бейбіт митингіге қатысушылар бұрын өздері көрмеген, танымайтын, әскери тәртіптегі белгісіз адамдардың болған. Бұл жағдайлар әу баста бейбіт басталған митингілерді жаппай тәртіпсіздікке ұластыруға мүдделі топтардың болғаны және олардың орталықтандырылған түрде мақсатты жұмыс жасағанына біздің көзімізді жеткізе түсті", – деді Абзал Құспан. 

Еске салсақ, бас прокурор тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану фактілері бойынша 234 істің қаралып жатқанын мәлімдеген еді. Қаңтар оқиғасына байланысты барлығы 3 770 қылмыстық іс қозғалған. 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары