Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова Абай облысына барып, өрт салдарынан асыраушысынан айырылған отбасылармен және эвакуацияланған азаматтармен жеке кездесті, деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.
Комитет төрағасы қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасына көңіл айтып, министрлік ұсынып отырған қолдауға тоқталды. Оның айтуынша, балаларға еліміздің ең үздік сауықтыру орталықтарына жолдамалар берілген. Олар жазғы демалысты өздері қалаған лагерде өткізе алады.
Сондай-ақ ата-аналардың қалауымен балаларға психологтардың кәсіби көмегі үздіксіз көрсетіледі. Жаңа оқу жылынан бастап балалар тегін ыстық тамақ, мектеп формасы және басқа да оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар Насымжан Оспанова эвакуация пунктеріне барды. Жалпы, өрт орын алған аймаққа жақын ауыл-аймақтан 236 бала эвакуацияланды, олардың 167-сі жақын туыстарының үйіне, ал 69-ы 2 эвакуация пунктіне орналасты. Комитет төрағасы балалардың қал-жағдайын біліп, олардың бос уақытының қалай ұйымдастырылып жатқанымен танысты.