Тікелей эфир

Абай атындағы театрда "Жұмбақ қыз" операсы қайта жаңғырмақ

Басты партияларды опера өнерінің аңыздарына айналған Рахима Жұбатұрова, Шора Үмбеталиев, Нариман Қаражігітовтер сомдаған еді. 

21-22 қазан Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Сыдық Мұхамеджановтың "Жұмбақ қыз" эпикалық операсының премьерасын ұсынады. 

Алғаш рет, 1971 жылы Абай атындағы ҚазҰОБТ сахнасында шымылдығын ашқан қазақ музыкасының мәдениет тарихында өшпес із қалдырған аталмыш спектакль, қазіргі таңда  жаңа бығытта жаңғыру негізінде. 

Алғашқы қоюшы-режиссері театрымыздың негізін қалаушылардың бірі Құрманбек Жандарбеков, ал қоюшы-суретшісі Гүлфайрус Исмаилова болды. 

Басты партияларды опера өнерінің аңыздарына айналған Рахима Жұбатұрова, Шора Үмбеталиев, Нариман Қаражігітовтер сомдаған еді. 

Театрдың негізгі мақсаттарының бірі – еліміздің төл музыкасын сақтау болғандықтан, 2023 жылы 90-шы мерейтойлық маусымындағы алғашқы премьералық қойылымды Сыдық Мұхамеджановтың "Жұмбақ қыз" операсымен бастағанды жөн көрдік. Қоюшы – режиссері Асхат Маемировтың, дирижері Нұржан Байбусиновтың, суретші Есенгелді Тұяқовтың бірлескен жұмысы  заманауи жаңа бағытта ерекше көрініс тапты. Қарқынды режиссерлік шешіммен, көз тартар сұлулыққа толы биімен, таңдай қақтырар сахналық сайысымен қатар өрілген бұл туынды көпшіліктің көңілінен орын алары сөзсіз. Операның оркестрлік партитурасында да толықтырулар енгізілді.         

Қазақ тарихы мен мәдениетінің, әні мен жырының үлкен сырлы сұлулықтары мен құйқалы қыртыстары, ел иесі, жер киесімен астасып жатыр.

Бүкіл қазақ үшін ортақ кие қонған, қасиет орнаған жердің бірі Бурабайдың ортасында орналасқан, қалмақтың тұт­қын қызының жұмбағы айтылған құзтас Жұмбақтас жайлы аңыздарды Сәкен Сейфулиннің "Көкшетау" поэмасында әнін шырқаған "Жұмбақтас" жартасының тарихы терең. 

"Көкшетау" поэмасы қазақ әдебиетінің негізін қалаушыларының бірі Сыдық Мұхамеджановтың "Жұмбақ қыз" операсының либреттосына негіз болып, ХVІІІ ғасырдың ортасында қазақ жерінде аңызға айналған тарихи оқиғалар туралы баяндайды.

Либретто жазу барысында Сыдық Мұхамеджанов пен белгілі жазушы, ақын әрі драматург Софы Сматаев қалмақтың текті сұлуы Нәзік пен қазақ батыры Адақтың жан түршігерлік, құрбандық махаббаты туралы лирикалы-эпикалық аңыздың әдемі әлеміне жетелеп енгізуге тырысты. 

"Жұмбақ қыз" операсы қазақ халқының дәстүрлі ән өнерінің бастауынан шыққан тартымды әуендерге толы қойылым. Сәкен Сейфулиннің "Тау ішінде" деген әні де шығарманың  мазмұнын аша түскендей.

Абылай ханның музыкалық-сахналық бейнесін жасау кезінде либреттистер тарихи деректерге сүйене отырып, қазақ жерінің бірлігі мен тұтастығын, Отанның егемендігі мен күшін сақтауға ұмтылған саясаткердің даналығын күшейтеді.

Сюжет авторларының Отанды қорғау идеясын күшейтуге деген ұмтылысы Сәкен Сейфуллиннің бейнесін енгізуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, операда бүкіл халық даналығы мен қайғы-қасіретін өзінің бойына сіңдірген ананың бейнесі, жау шапқыншылығынан кейін қираған қазақ ауылдарының көріністері мен қолға түскен тұтқындардың суреттері айқын көрсетілген.

Қазақ КСР мен КСРО Халық әртісі, композитор Сыдық Мұхамеджановтың шығармашылығы қазақ музыкасының даму тарихында оның ішінде музыкалық өнердің әр түрлі жанрларын қамтуда ерекше орын алады. 

Табиғатынан әуезді әнге дарыны бар суретші Мұхамеджанов-опералардың, ораториялардың, симфониялардың, сюиталардың, жүзден астам әндер мен романстардың, драмалық спектакльдер мен кинофильмдерде, халықтың шынайы мойындауына ие болған музыканың авторы. "Жұмбақ қыз" операсы - композитордың осы жанрдағы екінші туындысы.

Қайта жаңғырған туынды Алматының мәдени өміріндегі ерекше оқиға болып, еліміздің еңселі театрының бай репертуарын көркейтеді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары