Тікелей эфир

96 мың азаматтың өз үйі бар: Баспана кезегінде тұрған 232 мың адамның құжаты заңға сай емес

Мұнымен қатар тізімдегі 15,6 мың адамның қайтыс болғаны анықталып отыр.

Бүгінде тұрғын үй кезегінде 646 819 қазақстандық азамат тұр. Кейінгі 10 жылда кезек 6 есе артты, деп мәлімдеді ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол. Мұнымен қатар ол баспана кезегінде тұрған 232 мың адамның құжаты заң талаптарына сай келмейтінін айтты. 

"Сонымен бірге халық тарапынан аталған кезекке баспанасы бар азаматтар тұрып жатқаны туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Осыған байланысты біздің ведомство цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, аталған тізімнің заң талаптарының сәйкестігіне талдау жүргізілді. Оның нәтижесінде кезекте тұрған 96,1 мың азаматтың кейінгі 5 жылда жеке баспанасы болғаны, 533 адамның Қазақстанның азаматтығы жоқ екені, 91,4 мыңдай адамның тұрғылықты жері кезекке тіркелген өңірмен сәйкес келмейтіні, сондай-ақ 29 мың адамның тіркелмегені және 15,6 мың адамның қайтыс болғаны анықталып отыр", – деді Бауыржан Қабдол.

Үй кезегінде тұрған 232 мыңға жуық азаматтың жеке деректері заң талаптарына сай болмағандықтан оларды тізімнен шығаруға тура келеді.


Оқи отырыңыз: Ulytau Zhastary тұрғын үй бағдарламасы бойынша қосымша құжат жинау басталды


"Аталған тізімді түгендеу кезектің қозғалу процесін жеделдетуге және расымен де баспанаға мұқтаж азаматтардың құқықтарын кез келген оғаш әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді", – деді Бауыржан Қабдол.

Серіктестер жаңалықтары