Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Гонконг арнаулы әкімшілік ауданы әкімшілігінің басшысы Джон Лимен кездесу өткізіп, Қазақстан мен Гонконг арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ақорда.
Ақорданың хабарлауынша, президент мәртебелі мейманның Қазақстанға алғаш рет келіп отырғанын атап өтіп, бұл сапар екіжақты байланыстарды дамытуға тың серпін беретінін айтты.
"Бұл уақиға Қазақстан мен Гонконг, кеңінен алып қарағанда, мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестік байланыстыратын Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Елдеріміздің арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог орнаған, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сонымен қатар Қазақстан мен Гонконг арасындағы қарым-қатынастың да тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.
Джон Ли бұл сапарға ерекше мән беретінін айтып, Қазақстанға бұрын-соңды болмаған ауқымды делегациямен келгенін жеткізді.
"Аталған сапарға ерекше мән беремін. Менімен шетелге шыққан делегациялардың ең ауқымдысы осы болды. Оның құрамына логистика, жасыл энергетика, тау-кен өнеркәсібі, инновация мен технология және білім беру сияқты басты салаларда еңбек ететін 75 ресми тұлға мен кәсіпкер енді", – деді Гонконг әкімшілігінің басшысы.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, сонымен бірге екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Ақорданың мәліметінше, келіссөз қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джон Ли Қазақстан мен Гонконг арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі жандандыруға өзара мүдделі екенін растады.