2023-2024 оқу жылында мемлекеттік мектептерде білім алатын 71 мың оқушы жекеменшік мектептерге ауысқан. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың мәжіліс депутаттарына берген жауабынан белгілі болды.
Үкімет өкілінің мәліметінше, Қазіргі кезде мемлекеттік тапсырыс бойынша 677 жекеменшік мектепте 251,3 мың оқушы білім алып жатыр. Бұл ретте жыл санап жекеменшік мектептер саны артып келе жатқаны байқалады. Мысалы, 2022 жылы 527 жеке ұйым жұмыс істесе, 2023 жылы олардың саны 616-ға өскен. Биылғы көрсеткіш – 677 жеке мектеп.
"Жыл сайын жаңа оқу жылының басында жекеменшік мектептердің саны мен олардағы оқушы контингентінің өсуіне байланысты қаржы тапшылығы бар. Осыған орай, жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыс шығыстарының көлемін ұлғайтуға қосымша қаражат республикалық бюджетті нақтылау және түзету кезінде қарастырылады. Биылдың өзінде де жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қосымша 66,7 млрд теңге қажеттілігі анықталды", – деп жауап берді Тамара Дүйсенова.
Оқи отырыңыз:
- Бала үшін жеке мектеп дұрыс па, мемлекеттік мектеп дұрыс па?
- 33 жекеменшік мектеп 2,5 мың оқушыны қағаз жүзінде ғана оқытқан
Үкімет басшысының орынбасары жекеменшік білім беру ұйымдарындағы сапаны қамтамасыз ету мақсатында жеке мектептердің әр бес жыл сайын мемлекеттік аттестаттау рәсімінен өтетінін еске салды. Одан бөлек, профилактикалық бақылау, біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру және жоспардан тыс тексеру шаралы өтіп тұрады. Айталық, Қазақстанда ашылып, бес жылдан артық жұмыс істеген 189 жекеменшік мектеп мемлекеттік аттестаттаудан өтіп үлгерген.
"Білім беру қызметтерінің сапасын жақсарту үшін білім беру ұйымдарына қойылатын біліктілік талаптарына кемінде 90% штаттық педагогтердің, интернеттің ең төменгі жылдамдығының болуы, тиісті педагогикалық бейін бойынша және менеджмент саласындағы басшыларға арналған курстардан өткен басшы мен педагогтердің біліктілік талаптарына сәйкестігі бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді", – делінген Тамара Дүйсенованың жауабында.