Тікелей эфир

"668 млн желге ұшты". Арзан көкөніспен қамсыздандыратын саяжай бір түйір жеміс бермеген

Аграрлық несие корпорациясының өкілдері жылыжайлар бірнеше кәсіпкерге лизинг шартымен берілгенін айтты.

Осыдан он шақты жыл бұрын 700 млн теңгедей қаражатқа салынған жылыжайларда жабындылар сынып, әбден қираған. Тот басқан жылу батареялары мүлдем жарамсыз болып, жылыжай ішіне арамшөп қаптап кеткен, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Қазір жұмыс істеп тұрған жоқ. Қыста жөндеу мүмкін емес. Төбесіндегілерді алып, қайта салу керек. Кейін жылу болса әрі қарай жұмыс істеуге болады", – деді күзітші Рамзан Сацаев. 

Қаңырап қалған жылыжайларды қазір Рамзан Сацаев пен тағы бір күзетші ғана қарауылдап жүр. Айтуларынша, былтыр осында жұмысшылар аз-маз көкөніс егіп көрген. Алайда өнім шықпапты. Жалпы он екі жыл ішінде мұнда өсірілген бір түйір өнім де базар сөрелеріне жетпеген, дейді жұрт. Сондықтан тұрғындар мемлекеттің миллиондаған қаржысы далаға кетті деп есептейді.


Оқи отырыңыз: Абай облысында оқушылар "ақылды жылыжай" жасап шығарды


"Кезінде бұл жақсы бастама, халық арзан қияр мен қызанақ жейді деп еді. Алайда халық бұл ойына жете алмай қалды. Демек 668 млн желге ұшты", – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Ғани Әлиев. 

Ал аграрлық несие корпорациясының өкілдері жылыжайлар салынған соң, бірнеше кәсіпкерге лизинг шартымен берілгенін жеткізді. Бірақ олар бір де бірі жұмысты жүргізе алмаған.

"Жаңа лизинг шартымен алған кәсіпкерлер бойынша қарастырылған төлемдерді өтей алмауына байланысты сотқа талап-арыз жолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Лизингтік шарт бойынша лизингке алған кәсіпкерлер жылыжайға жауапты болып келеді. Оны өз қаражатымыздан немесе мемлекеттік қаражаттан іске асыру, жөндеу туралы сұрақ қарастырылып жатқан жоқ", – деді  "Аграрлық несие корпорациясының" қызылорда облысындағы филиал басшысының орынбасары Нұрмәди Әлібаев. 


Оқи отырыңыз: Шымкент қаласы мен Түркістан облысында жылыжай шаруашылықтарына субсидия төлеу басталды


Яғни жауаптылар жылыжайлардың қаңырап бос тұрғанына кәсіпкерлерді кінәлайды. Сондай-ақ, мемлекет қаражатына салынған жылыжайлардың жұмысын қайта жандандыру жоспарда жоқ. 

Серіктестер жаңалықтары