25 тамыздан бастап Қазақстанда 65 жастан асқан жүргізушілерге қатысты медициналық тексеруді бақылаудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Міндетті медициналық комиссия талабы бұрыннан болғанымен, енді оның орындалуы мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде қадағаланады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, 65 жасқа толған азаматтардың бірден медициналық комиссиядан өтуінің қажеті жоқ.
"Егер сіз 65 жасқа толсаңыз, асықпаңыздар. Алғашқы медициналық тексеруден 67 жасқа толғанға дейін өтсеңіз болды. Одан кейін берілетін медициналық анықтама екі жылға дейін жарамды. Келесі тексерулер 69 жаста, 71 жаста және осы тәртіппен жалғаса береді", – деді ол.
Егер жүргізуші белгіленген мерзімде медициналық тексеруден өтпесе, оның жүргізуші куәлігінің күші уақытша тоқтатылуы мүмкін. Жүргізушілер лицензиясы бар кез келген медициналық мекемеден тексеруден өте алады. Қызмет ақылы негізде көрсетіледі. Алайда оның нақты құнын Денсаулық сақтау министрлігі әлі бекіткен жоқ.
ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы Айдана Желібаеваның айтуынша, комиссия құрамына терапевт немесе жалпы тәжірибелік дәрігер, психиатр, офтальмолог және отоларинголог кіреді. Сонымен қатар терапевтің жолдамасымен психобелсенді заттарды қолдану-қолданбағанын анықтау үшін биологиялық сынама тапсырылады.
Мамандардың сөзінше, жаңа талаптың мақсаты – егде жастағы азаматтарды көлік жүргізуден шектеу емес, олардың денсаулық жағдайын бағалап, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Егер адамның денсаулығы жақсы болса, ол 70–80 жаста да көлік құралын қауіпсіз басқара алады.