FIFA 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына 50 күн қалғанда билеттерді сатудың соңғы кезеңін қайта бастады. Енді барлық 104 матчқа билеттер "кім бірінші үлгереді — соған" қағидаты бойынша ұсынылады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
FIFA мәліметінше, жоспарланған 6 миллионнан астам билеттің 5 миллионнан көбі сатылып кеткен. Қазіргі сатылымда 1–3 санаттағы орындар, сондай-ақ кей матчтарға алаң жиегіндегі билеттер де бар. Ұйым билеттер қолжетімді болған жағдайда, қосымша партиялар турнирдің финалына дейін, яғни 19 шілдеге дейін кезең-кезеңімен сатылымға шығарылатынын хабарлады.
Бұған дейін турнирдің баға саясаты сынға ұшыраған еді. АҚШ-тағы бірқатар заң шығарушылар FIFA-ны билет құнын төмендетуге шақырып, динамикалық баға жүйесі жанкүйерлер үшін қолжетімділікті шектейтінін айтқан.
Өз кезегінде FIFA баға белгілеу сұраныс пен қолжетімділікке қарай қолмен реттелетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар Supporter Entry Tier санатындағы билеттерге шектеулі квота енгізілген. Бағасы 60 доллардан басталатын бұл билеттер жалпы квотаның шамамен 10 пайызын құрайды.
Айта кетейік, бұған дейін әлем чемпионаты финалына арналған ең қымбат билеттердің бағасы 10 990 долларға дейін жеткені хабарланған.
USD:
461.9 / 465.5
EUR:
542.5 / 547.5
RUB:
6.05 / 6.17