Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында су шаруашылығы нысандарының, жолдар мен көпірлердің, сондай-ақ жедел ден қою күштері мен құралдарының дайындығы қаралды, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Вице-премьер Talsim жүйесінің болжамдық деректерімен және Tasqyn жүйесіндегі су тасқынын модельдеу нәтижелерімен танысты. Сонымен қатар қауіп деңгейі жоғары аймақтарға жатқызылған өңірлердің есептері тыңдалды.
Өңірлерде су тасқынының алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, 831 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, топырақ үйінділері тұрғызылды. 1 мың шақырымнан астам дренаж жүйелері, арналар мен арықтар жөнделіп, қайта салынды. Автомобиль және теміржол учаскелерінде 934 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылды. Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында көпірлерге күрделі жөндеу жүргізілді. Су тасқыны қаупі бар өзен учаскелерінде 166 шақырым арна тереңдетіліп, 255 шақырым жағалау бекітілді. Сонымен қатар 221 шақырым арна түзетіліп, 172 шақырым өзен арналары тазартылды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр, .
"Қазгидромет" РМК-ның алдын ала гидрологиялық болжамына сәйкес, биыл көктемде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтіліп жатыр. Осыған байланысты су тасқыны қаупіне алдын ала баға берілді.
Қанат Бозымбаев Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында су тасқынының алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап өтті.
"Көктемнің басы жылы әрі жауын-шашынды болады деп болжанып отыр. Өткен күздегі толассыз жауын салдарынан кей өңірлерде жер бетінде мұз қыртысы қалыптасты. Бұл су тасқыны жағдайын күрделендіруі мүмкін. Сондықтан барлық ықтимал сценарийге дайын болу қажет", – деді вице-премьер.
Кеңес қорытындысы бойынша әкімдіктерге өзендерде қажет болған жағдайда жарылыс жұмыстарын алдын ала жүргізу, су бұру арналары мен су өткізу құрылыстарын тазалау, сондай-ақ қарды уақытылы әкетуді қалалармен қатар ауылдық елді мекендерде де қамтамасыз ету тапсырылды.
USD:
497.1 / 500.1
EUR:
588.0 / 592.0
RUB:
6.43 / 6.55